Оралда жергілікті халық әкелген жәдігерлер музейге сыймай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Мұнда 18 жылда 21 мыңнан астам экспонат жиналған

Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары әкелген жәдігерлер «Ежелгі Орал» музейіне сыймай жатыр. Мұнда 18 жылда 21 мыңнан астам экспонат жиналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Жергілікті халық аманаттап тапсырған жәдігерлердің арқасында бас құраған орталық бүгінде халықтық музейге айналғандай.

Мұндағы жәдігерлердің көбісі дерлік жергілікті тұрғындардан жиналған. Көненің көзін үйінде ұстағысы келмегендер ескі фотосуреттер, кітаптар мен тұрмыстық заттарды да осында әкеп тапсырады. Бүгінде музейде 21 мыңнан асатын экспонат бар. Олардың 3 мыңға жуығы - революцияға дейін түсірілген фотосуреттер. Сонымен қатар, көне жиһаздар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, балықшылардың құрал-сайманы, наградалар және монеталар да бар.

«Басында көрме ұйымдастыратын едік. Кейін тұрғындар тапсырған жәдігерлер жинақтала келе осындай музейге айналды. Бір күні бір кейуана мынадай шәйнек әкелді. Тексеріп қарасақ, 19 ғасырдың соңындағы ұсталар қолынан шыққан бұйым екен. Әжей бізге осы шәйнекті сыйлық ретінде тарту етіп қуантты. Мұндай адамдар көп», - дейді музей директоры Геннадий Мухин.