COVID-19: 12 қалада ХҚКО тек алдын ала бронмен қабылдайды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл шешім азаматтардың вирусты жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында қабылданды

Фото: ашық дереккөзден

Азаматтардың көптеп жиналуын және вирусты жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында кейбір өңірдегі ХҚКО-лар азаматтарды қатаң түрде тек алдын жасалған брон негізінде қабылдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Азаматтарға арналған Үкімет» МК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері Нұр-Сұлтан, Атырау, Қостанай, Рудный, Тобыл, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Өскемен және Семей қалаларының ХҚКО-ларының жұмысы бойынша арнайы шешім шығарды. Енді келушілерді қабылдау тек алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл өзгерістер ауылды жерлер мен аудан орталықтарының ХҚКО-ларының жұмысына еш әсер етпейді.

ХҚКО ғимаратында қатаң түрде бетперде тағу тәртібін сақтау қажет. Қашықтықты сақтау үшін арасы 1,5-2 метр болатын белгілер сызылған. Әрбір ХҚКО-да санитайзерлер бар.

Брондауға өтінім қалдыру үшін азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталын, eGovKzBot2.0. телеграм-ботын пайдалана алады немесе 1414 қысқа нөміріне қоңырау шала алады. Брондау рәсімінен кейін азаматқа ХҚКО-ға бару уақыты туралы тиісті смс-хабарлама жолданады.  

«Біздің әріптестеріміз фронт-офистерде қызмет алушылармен тікелей байланыста. Біз келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондықтан қызмет алушыларға қандайда ауру белгілері байқалса, ХҚКО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз», – дейді мемлекеттік корпорацияның төрағасы Әділ Кожихов.