Қостанай облысында 95 елдімекенді су басу қаупі бар

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО-да биыл 79 ауыл қауіпті аймаққа еніп тұр

фото: СҚО-дағы саяжайларды су басқан сәт, 2020 жыл

Қостанай облысында 95 елдімекенді су басу қаупі бар. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, аймақтағы 22 бөгет жөндеуді қажет етеді. Бірақ жергілікті басшылар әлі күнге дейін көктемгі тасқынның алдын алуға қаражат бөлмеген. Мамандар қазір қардың қалыңдығын өлшеумен ғана шектеліп отыр. Бұл туралы AstanaTV хабарлайды.    

«Қазір Қарасу, Әулиекөл, Меңдіқара аудандарында өлшеніп жатыр. Қардың қалыңдығы 14-16 сантиметр. Норма - 16 сантиметр. Наурыз айында мұз жару жұмыстары жүргізіледі», - дейді Қостанай облыстық ТЖД бөлім басшысы Едрес Тәкенов.

Солтүстік Қазақстан облысында да биыл 79 ауыл қауіпті аймаққа еніп тұр. Қостанайға қарағанда, мұнда көктемгі тасқынның алдын алуға 125 миллион теңге бөлген. Соңғы үш жылда 5 су қоймасы күрделі жөндеуден өткен.

Жамбыл облысы да көктемде болу қаупі бар су тасқынынына дайындалып жатыр. Аймақтағы 72 елдімекенге, 14 су қоймасына қатысты қауіп бар. Облыс әкімдігі биыл төтенше жағдайларға 363 млн, ал шұғыл шығындарға 489 млн теңге бөліпті.