«Манчестер Юнайтед» елордаға «екінші сорттағы» ойыншыларын жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

28 қараша күні «Астана Аренада» Еуропа лигасының топтық кезеңінің 5 туры аясында «Астана» және ағылшын клубы «Манчестер Юнайтед» арасындағы кездесу өтеді

Фото: sports.kz

Ағылшындық клубтың «Астанаға» қарсы шығатын ойыншылары белгілі болды. Олардың арасында «Манчестер Юнайтед» жейдесін алғаш рет киіп, бірінші командамен алаңға шыққалы отырған 10 ойыншы бар. Мәселен, сіз атын естімеген Дилан Левитт, Ларджи Рамазани, Итан Лейрд, Теден Менги, Дишон Бернард, Итан Галбрейт, Арнау Пуигмал, Матей Ковар және Д’Мани Бугейл-Меллор секілді ойыншылар..

Оныншы ойыншының есімі - Макс Тейлор. Жасы 19-да, дәрігерлер оның қатерлі ісікке шалдыққанын анықтаған. Содан бері түрлі ем-дом алып, қыркүйекте жаттығуға қайта қосылды.

Танымал ойыншылардың арасынан тек Джесси Лингард пен Люк Шоуды ғана атауға болады.

Ертең «Астана Аренада» ойнайтын ағылшындық клубтың толық құрамы мынадай:

Қақпашылар: Ли Грант, Матей Ковар;

Қорғаушылар: Люк Шоу, Макс Тейлор, Аксель Туанзебе, Теден Менги, Дишон Бернард, Итан Лейрд;

Орталық жартылай қорғаушылар: Джесси Лингард, Дилан Левитт, Итан Галбрейт, Арнау Пуигмал, Джеймс Гарнер, Тахит Чонг, Эйнджел Гомес;

Шабуылшылар: Мейсон Гринвуд, Ларджи Рамазани, Д’Мани Бугейл-Меллор.

Британияның Daily Star таблоидының хабарлауынша, «Астана» плей-офқа шығу мүмкіндігінен мерзімінен бұрын айрылса да, тарихи матчты көргісі келетін жанкүйерлердің саны толастамаған. Елордалық клуб өкілдерінің мәлімдеуінше, «Астана Аренаға» 30 254 көрермен сияды, ал ойынның билетіне 300 мыңнан астам өтінім келіп түскен.

«Бұрын-соңды бұлай болған емес. «Манчестер Юнайтед» — әлемдегі ең танымал клубтардың бірі. Олардың келуі «Астана» үшін мерекемен бірдей. Нұр-Сұлтанда бұған дейін де атышулы ойындар болды, бірақ дәл мынадай ауқымды матч өтпеген. Өтініштердің саны стадиондағы орындардан он есе көп», - деді клуб қызметкері Daily Star-ға берген сұхбатында.