Ақтөбе облысында саудагерлер миллиондаған шығынға батты
60-тан астам саудагердің тауары түгі қалмай жанып кетті
Ақтөбенің Қандыағаш қаласында «Алан» жабық сауда үйі өртке оранып, кәсіпкерлер шаш етектен шығынға батты. 60-тан астам саудагердің тауары түгі қалмай жанып кетті. Әрқайсы шамамен 2 миллион теңгеге жуық шығын көрдік деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Базардың түгі қалмай жанып кеткен. Шамамен 700 шаршы метр аумақ күлге айналған. Бір түннің ішінде 62 сауда орынындағы тауар жоқ болды.
«Қазір біз «Алан» базарының әкімшілігімен келісім жүргізіп жатырмыз. Базар алаңынан зардап шеккен адамдарға базар әкімшілігі тегін нүктелер беруге дайын. Алдағы уақытта заң талабына сәйкес шешілетін болады», - деді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.
Бірақ тауарынан бір түнде айрылып қалған кәсіпкерлер, тегін орында не сататындарын білмей дал. Жалпы өткен 18 күн ішінде Ақтөбе облысы бойынша 36 өрт оқиғасы тіркелген. Бір адам тілсіз жаудың құрбаны болған.