Арқалық құс фабрикасы АШМ-ге қарасты үш құрылымды сотқа берді

Автор: Azattyq Rýhy

Талап етуші жақ құс тұмауынан қырылған тауықтары үшін өтемақы толық берілмегенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Арқалық құс фабрикасы АШМ-ге қарасты үш құрылымды сотқа берді. Талап етуші жақ құс тұмауынан қырылған тауықтары үшін өтемақы толық берілген жоқ дейді.

Кәсіп иелері қосымша 200 миллион теңге сұрап отыр. Үш айдан бері тоқтап тұрған құс фабрикасына жақында 58 мың тауық балапаны әкелінді.

Кәсіпорынды қайта жандандыру үшін 1 миллиард теңге қаржы қажет. Оның жартысын құрылтайшылар салса, қалған бөлігі жеңілдетілген несие ретінде берілмек. Осындай бірлескен іс-қимылдың алғашқы нәтижелері де жоқ емес.

«Қазір біздің қолымызда 58 мың балапан бар. Ал жалпы ақпанның 5-не дейін бізде 220 мың бас балапан болады.Осы жылдың мамыр айынан бастап жұмыртқа бере бастайды. Жылдың аяғына сол 500 мың басымызды қайтарып аламыз», - деді Арқалық құс фабрикасының бас директоры Жәмила Исмаилова.

Естеріңізе салайық, күз айларында құс тұмауынан бұл кәсіпорынның 500 мыңнан астам тауығы қырылып қалған болатын. Мамандардың есебі бойынша індеттен келген шығын мөлшері 640 миллион тенгеден астам. Сол тиесілі өтемақының 70 проценті ғана төленген. Ветеринарлық комитет қалған бөлігін өтеуден бас тартыпты. Сондықтан фабрика құрылтайшылары сотқа жүгінуге мәжбүр болған.