Ел билігі мега-локдаун енгізуді қарастыруда
Германияда бір тәулік ішінде коронавирустан 1 244 адам көз жұмды. Бұл – елде пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Дәрігерлер жағдай бұдан да қатты ушығуы мүмкін екендігін жоққа шығармады. Германияда қаңтар айынан бастап карантин режимі күшейтілді. Қазір ел билігі қоғамдық көліктердің қатынауын тоқтатып, «мега-локдаун» енгізуді қарастыруда.
Францияда қоғамдық көліктер жұмыс істейді және дүкендер де ашылды, бірақ коменданттық сағат күшейтілді: енді кешкі сағат 6-дан кейін себепсіз көшеге шығуға болмайды (бұған дейін тыйым 20:00-ден басталған болатын).
Испанияда 100 мың тұрғынға шаққандағы вирус жұқтыру көрсеткіші қайтадан 500-ден асты. Андалусия, Мурсия және Кастилия және Леон автономды қауымдастықтарының басшылары ел үкіметінен аймақтарында үйде оқшаулану режимін енгізуге құқық пен мүмкіндік беруді сұрап отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшылар тобы коронавирустың шығу тарихын зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына келді. Жұмысқа кіріспес бұрын 10 сарапшы екі апталық карантиннен өтуі керек. Соңғы аптада Қытайда індет қайта өршіп, коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Олардың көпшілігі төтенше жағдай жарияланған Хубей провинциясында анықталған.