Атыраулық жас математиктер халықаралық олимпиадада топ жарды
Ә. Жәутіков атындағы олимпиадаға биыл әлем бойынша 990 дарынды оқушы қатысты
Атырау облысының жас математиктері Ә. Жәутіков атындағы математика, физика және информатика пәндері бойынша XVII халықаралық олимпиадасында жүлделі орындарды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Білім-Инновация» лицейінің математика пәнінің мұғалімі Әділет Райысовтың айтуынша, әлемдік пандемияға байланысты онлайн форматында өткен жарысқа Түркия, Греция, Тәжікстан, Ресей, Румыния, Әзірбайжан, Болгария және т.б. елдерден 990 дарынды оқушы бақ сынады. Атырау облысынан олимпиадаға 7 оқушы қатысып, соның ішінен 5 оқушы жүлделі орын иеленді.
«Халықаралық олимпиада үш пәннен өткізіледі. Мұндағы ереже бойынша әр облыстан бір команда құралады. Біздің оқушылар тек бір ғана олимпиадамен шектелмейді, тағы басқа олимпиадаларға қатысады. Балалардың 7-сыныптан бастап өзі қалаған олимпиадаға қатысуына мүмкіндік бар. Олар әр додаға тыңғылықты дайындалады», - дейді Әділет Райысов.
Айта кеткен жөн, математика пәні бойынша Әділет Зауытхан алтын медальға, Айбек Мырзатай күміс жүлдеге ие болды. Физика пәні бойынша Ризабек Алпамыс күміс жүлдемен, информатика пәні бойынша Әділ Сұлтанов күміс жүлдемен марапатталып, Даурен Мәскеуғалиев қола жүлдеге ие болды.