Түркістан облысында сайлау күні 135 сәби өмірге келді

Автор: Azattyq Rýhy

 Жаңа босанған аналар мен нәрестелердің жағдайы жақсы

Сайлау күні Түркістан облысында 135 сәби өмірге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір тәулік ішінде 63 ұл бала, 72 қыз бала дүние есігін ашты. Яғни бұл күні әдеттегіден екі есе көп бала туылды. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мұның бұрын-соңды болмаған жағдай екенін, осылайша, рекорд орнатылғанын мәлімдеді. Жаңа босанған аналар мен нәрестелердің жағдайы жақсы.

Сайлау күні дүние есігін ашқан сәбилерге ең көп қойылған есімдер қатарында Сайлау, Сайлаугүл, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт бар. Облыс перзентханасындағы жүкті және босанған әйелдер таңғы 7.00-ден бастап дауыс берді. Облыс бойынша перзентханада жатқан 300-ден астам әйел сайлауға қатысқан.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша жылына 100 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өңірде бір тәулік ішінде шамамен 50-60 нәресте туады.