10 бақылаушы ғимараттан мәжбүрлі түрде шығарылды - ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Бірнеше қалада заңсыз митингілердің ұйымдастырылғаны белгілі болды 

Саяси науқан кезінде сайлау учаскелерінде түсініспеушілік туғызған түрлі оқиғаларды ескермегенде айтарлықтай заң бұзушылық жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қазіргі уақытта дауыс беру процесі аяқталған жерлерде жергілікті комиссиялар бюллетендерді санауға кірісті. Өз кезегінде Арыстанғани Заппаров Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыстарын жалғастыратындығын айтты.

«Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдер мен хаттамалардың аудандық, облыстық комиссияларға бүлінбей, еш кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Науқан кезінде сайлау учаскелерінде түсініспеушілік туғызған түрлі (70-ке жуық) оқиғаларды ескермегенде, айтарлықтай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ», - деді министрдің орынбасары.

Десе де кейбір сайлау учаскесінде тәртіп бұзу жағдайлары тіркеліп, бірнеше қалада заңсыз митингілердің ұйымдастырылғаны белгілі болды.

 «Карантин нормалары күшейтілген кейбір қалаларда, сайлау комиссияларының төрағалары толтырған актілерге сәйкес, санитарлық шектеулерді бұзғаны үшін және комиссия жұмысына кедергі келтіріп, сайлау учаскілерінде болу тәртібін сақтамағаны үшін 10 бақылаушыны ғимараттан мәжбүрлі түрде шығаруға тура келді. Бұдан бөлек, кейбір қалаларда заңсыз жиындар мен митингілер ұйымдастыру, соған қатысуға үгіттеу әрекеттері болды.  Бұл азаматтарға жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура қызметкерлері акцияның заңсыз екенін бірнеше рет ескертіп, тоқтату қажеттігін түсіндірді», - деді Арыстанғани Заппаров.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан