Прокуратураға сайлауда заңбұзушылықтар болғаны жайлы хабарлама түспеді

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде бүгін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр 

Фото: Марат Қалдыбаев

Қазақстанда бүгін, 10 қаңтар күні таңертеңнен бастап қазіргі уақытқа дейін сайлау учаскелерінде қандай да бір тәртіпбұзушылық болғаны туралы арыз-шағым түспеді. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлім етті, деп хаьбарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, жекелеген кейбір тұлғалар қоғамда резонанс тудыру мақсатында желі арқылы фейк ақпараттар таратып жатыр.

«Бүгінгі таңнан бастап осы уақытқа дейін прокуратура органдарына қандай да бір, оның ішінде, дауыс беру шарттарын бұзу туралы шағымдар мен арыздар түскен жоқ. Дегенмен, жекелеген тұлғалар әлеуметтік желілерде жасанды резонанс тудыру мақсатында бүгін болған деп сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы жалған материалдар тарауда. Біз оларды  тексердік. Олардың қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ. Мысалы, WhatsApp мессенджері арқылы сайлау учаскелерінің бірінде сайлау комиссиясының мүшелері алдын ала қол қойылған бюллетеньдер табылған бейнежазба таралған. Бұл бұдан бұрын өткізілген сайлау кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде жүргізілген ескі жазба екені анықталды», – деді Азамат Сарғазин.

«Бірді-екілі мұндай жағдайларға бірден тиісті шаралар қолданып жатырмыз» деп атап өтті ол.

«Әлеуметтік желіде Алмас Байқадамов есімді қолданушы бүгін сайлау комиссиясының мүшелері қоқыс жәшігіне бюллетень лақтырып, Қазақстанда фальсификация басталғаны туралы видео жариялады. Материалды тексеру барысында оның Ресейдегі елдімекендердің бірінде болғанын анықтадық. Осыған байланысты, БАҚ-та немесе телекоммуниакция желілерінде жалған ақпарат таратып, қоғамдық тыныштыққа қауіп төндіру Қылмыстық кодекстің 274-бабымен жазалау қарастырылған», - деді Азамат Сарғазин.

Елімізде бүгін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр