Бүгін елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде
Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы №113 сайлау учаскесіндегі тәуелсіз бақылаушы Айбек Қабылшаевтан Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беру жағдайы қалай жүріп жатқанын сұрап білді.
«Сайлау өте жақсы жүріп жатыр. Шынымды айтсам, мен бұған дейін сайлауға тек дауыс беруші ретінде келетін едім. Осыған орай, халықтың саяси белсенділігін де бақылап отыруға уақыт болмайтын. Ал, бүгін тәуелсіз бақылаушы ретінде сайлауға дауыс берушілердің мен ойлағаннан да көп келетініне көз жеткіздім. Таңғы сағат 7:00-ден бері учаскеде адам қарасы үзілген жоқ. Арасында бала-шағасымен келіп жатқан отбасылар да бар. Айналадағылардың бәрі көңілді, өзіме қызық өтіп жатыр», - деп ағынан жарылды Айбек Қабылшаев.
Бақылаушының айтуынша, әзірге №113 сайлау учаскесінде ешқандай заңбұзушылық болмаған. Санитарлық талаптар да қатаң сақталуда.
«Әзірге еш заңбұзушылықтар болмады. Топтап бюллетень салу деген мүлдем жоқ. Әр партияның атынан бір-бір бақылаушыдан отыр, одан бөлек, тәуелсіз төрт бақылаушы бармыз, халықаралық бақылаушылар отыр. Кей сәтте адамдар топталып кетсе, кейде саябырсып қалады. Санитарлық талаптардың бәрі қатаң сақталуда. Кіре берістен бастап сайлаушылардың дене қызуы өлшеніп, қолын антисептикпен сүртіп жатыр. Комиссяи мүшелері мен дауыс берушілер арасында әйнек қойылған. Меніңше, осы жолғы сайлау ең бір ерекше, әділ сайлау», - деді Айбек Қабылшаев.
Еске салсақ, Қазақстанда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтеді. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат қатысуда.