Бүгін Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр
Елорда әкімі Мәжіліс мен мәслихат сайлауында дауыс берді. Алтай Көлгінов таңғы 7:30-да Қазақ ұлттық өнер университеті ғимаратындағы №329 сайлау учаскесінде дауыс берді. Естеріңізге сала кетейік, сайлау учаскелері 10 қаңтар күні сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Сайлау құқығына ие кез келген Қазақстан азаматы таңдауын жасай алады.
Қала тұрғындары дауыс беру үшін өз учаскесін онлайн-режимде ЖСН-ін, тегін, атын, әкесінің атын және туған күнін не сайлаушы тіркелген нысанның (көше, үй) мекенжайын көрсете отырып, анықтай алады.
Сондай-ақ, интернетке шығу мүмкіндігі жоқ жұрт үшін 109 iKomek бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Азаматтар осы телефон нөміріне қоңырау шалып, өз учаскесін таба алады.