Дауыс берушілерден ПТР талап етілмейді
Алматы жұртшылығы әдеттегідей сайлауға ертемен қамданып, дауыс беру үшін аумақтық учаскелерге келіп жатыр. Шаһарда бір мезетте 581 сайлау учаскесі ашылды. Олардың барлығында мемлекеттік әнұран орындалып, комиссия мүшелері өз жұмыстарына кірісті деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Биыл Мәжіліс және жергілікті мәслихат сайлауы пандемия жағдайында өтіп жатыр. Медеу ауданында орналасқан №378 сайлау учаскесі Аграрлық ұлттық университеттің бас ғимаратында ұйымдастырылған. Бүгін мұнда 467 сайлаушы дауыс береді. Олар арнайы бюллетеньде көрсетілген партиялар тізімінің ішінен өзі қалаған саяси ұйымды таңдай алады. Ал, екінші сайлау қағазында өз аумағы бойынша мәслихат депутаттығына ұсынған партияның тұсына белгі қояды.
«Алдыңғы сайлауда дәл осы учаскеде 2800 сайлаушы тіркелген. Дауыс берушілердің күрт төмендеуі студенттер мен оқытушылар құрамының онлайн жағдайына көшуімен байланысты. Қазір біз студенттерімізге тұрғылықты тіркелген жерлерінде дауыс беруге кеңес береміз. Олар Алматыдан тыс аймақтарда болса, сол жақтан дауыс бере алады. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша санитарлық талаптарды орындауға мән беріп отырмыз. Бір жарым сағатың ішінде біздің сайлау учаскесінде тіркелгендердің 20 пайызы дауыс беріп үлгерді», - дейді №378 сайлау учаскесінің төрайымы Жанар Дәуренбаева.
Алматыда сайлау қарсаңында 5800 адамнан ПТР-тест алынған. Олар сайлауға күні бойы атсалысатын аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылар. Сайлаушылардан бұл талап етілмейді. Егер бақылаушының коронавируспен ауырмайтынын растайтын анықтамасы болмаса, сайлау учаскелеріне кіргізбеу құқығы сақталады. Мұны Алматы қаласы сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова растады. Кейбір сайлау учаскелерінде БАҚ өкілдерінен ПТР талап еткен жағдайлар кездесті.
«Биыл сайлау қарсаңында шыққан бас санитар дәрігердің арнайы қаулысы бар. Ол бойынша сайлауды ұйымдастырушылар, комиссия мүшелері тесттен өтуі тиіс. Біз 4665 адамды ПТР-тесттен тегін өткіздік, оның ішінде 19 адамнан оң нәтиже шықты. Біз ондай адамдарды сайлауға қатыстырмау туралы шешім қабылдадық. Ал сол сияқты бақылаушылар да арнайы тест нәтижесімен келгені абзал. БАҚ өкілдері мен сайлаушылардан ол талап етілмейді», - дейді Ж.Асанова.
Биылғы электораттық науқанды ұйымдастыру кезінде материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әрбір азамат Алматы қаласының ресми сайтынан немесе барлық ауданда жұмыс істеген call-орталықтан өзінің қай жерде дауыс беретінін алдын ала біліп отырады.
Биыл Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау құқығына қалада 1 млн 100 мыңна астам адам ие. Қала бойынша бұрынғы 37 округтік сайлау комиссиясы алынып тасталған. Қазір тек сайлау туралы заңға сәйкес 581 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Алматы қаласы сайлау үрдісінің заңдылығын қадағалау үшін көптеген халықаралық бақылаушы тартылды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы