Кей отбасылар басқа жақтан пәтер жалдап көшіп жатыр
Өскеменде ипотекалық бағдарлама бойынша салынған жаңа көп қабатты үй сапасыз болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Сақылдаған сары аяз бен қатты желге шыдамай қабырғасы мен шатыры жарылып, тіпті кейбір пәтерлердің ішінде сызат пайда болған. Қауіпсіздікке алаңдаған жоғарғы қабаттағы кей отбасылар қыстың көзі қырауда басқа жақтан пәтер жалдап көшіп жатыр.
«Бір күні тұрғанда тереземіз ұшып кете ме деп қорқып жүрміз. Өйткені жарғышақ беріп тұр. Үш балам бар. Таңертең жылап оянды. Мысалы кішкентай қыз. Бұл әлі дүңк-күңтерді естіп көрген жоқ қой», - дейді қала тұрғыны Динара Байдақова.
Көп қабатты үйде жүз алпыс екі пәтер бар. Алайда отызға жуығы әлі де бос. Өйткені бұған дейін қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көшіп келген күннен бастап жамап-жасқаумен келеді. Оған қарамастан, ай сайын мыңдаған теңге ипотека тағы төлеп отыр.
«Он жарым миллионға осы үйді алдық. 15 жылға айына 70 мың банкке төлейміз. 20%-ін салып алдық. Бүгінде біздің тартып жатқан зардабамыз – төбеден су ағады. Пәтер суық», - дейді қала тұрғыны Берік Төлепбек.