Павлодар облысында фермерлер жерге таласып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл даудың жүргеніне 3 айдан асты.

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында 500 гектар жерге екі фермер таласып отыр. Біреуі, жер комиссиясы жариялаған конкурстан ұтылып қалып шу шығарса, екіншісі сол конкурстың нәтижесі қайта қаралатынына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Шарбақты ауданында бұл даудың жүргеніне 3 айдан асты. Сергей Юсин елден бұрын қимылдап тиісті құжаттарды күні бұрын өткізіп қойыпты. Алайда, конкурсты басқа кәсіпкер ұтып кетіпті.

«Мен ол жерді көптен бері сұрап жүргенмін. Өйткені, мал шаруашылығын дамытып, сүт фермасын салу жоспарым болды. Және суармалы жерді де арттырғымыз келген. Неге екені белгісіз, жер комиссиясы ол участокты 130 шақырым алыста тұратын басқа ауылдың фермеріне берді. Біздің ұпайымыз жетпей қалды», - дейді шаруа қожалық басшысы Сергей Юсин.

Фермер аудандық жер қатынастары бөлімінің үстінен арызданып, кәсіпкерлер палатасына барған екен. Одақ конкурста заң бұзушылықтың болғанын аңғарыпты.

«Біріншіден, жерді бөлу кезінде комиссия екі шаруашылықтың ұпайы теңескенде, шешім шығару үшін ашық дауысқа салу керек болған. Ол, жоқ. Екіншіден, фермердің инвестициялық әлеуетін, қанша жұмыс орнын құра алатындығын және қанша бас малы бар екенін ескеру керек еді. Алайда, құзырлы орган оның бәрін есепке алмаған. Яғни, жерді бөлу талаптарын сақтамай отыр. Оған қоса комиссия бұл шешімді 1 ай ішінде жойып, қайта конкурс өткізуі тиіс еді», - дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Әубәкіров.

Ал аудандық жер қатынастары бөлімі болса, конкурстың заңға сай әділ өткенін айтады. Дегенмен Сергей Юсиннің шағымынан кейін, басқарма конкурс нәтижесі жойып отыр. Екінші отырыстың қашан өтетіні әзірге белгісіз. Бұл шешім енді екінші кәсіпкердің наразылығын тудырды.