Ұялы телефоны ғана табылған: Нұр-Сұлтанда жоғалған бозбаланы полицейлер 10 күннен бері таба алмай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Туыстары жас жігіттің қай мейрамханада жұмыс істегенін білмеген

Instagram әлеуметтік желісінен

Елордалық полиция осыдан 10 күн бұрын із-түссіз жоғалған Әнуар Байзуровты әлі іздестіріп жатыр. Ол 6 қыркүйек күні үйінен жұмысқа шығып, содан оралмаған деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Жас жігіт қаладағы мейрамханалардың бірінде бармен болып ақша тапқан екен.

Әнуар Атбасар ауданының тумасы. Биыл ақпан айында астанаға жұмыс істеу үшін келген. Туыстарының үйінде тұрады. Соңғы рет 6 қыркүйек күні жұмысына кетіп, әпкесімен мессенджер арқылы сөйлесіпті. Алайда, содан кейін бозбаладан хабар жоқ.

«Ол жұмыстан кешіккеннен кейін біз телефонына хабарласпақ болдық. Алайда, өшіп тұр екен. Бәлкім, екінші ауысымға түскен шығар деп ойладым, бұрын солай істейтін. Үйге екінші күні келмегеннен кейін уайымдай бастадым. Дереу полицияға арыз жаздық. Үшінші күні Атбасардан ата-анасы келді», - дейді Әнуардың әпкесі Сұлушаш Ибраева.

Туыстары жоғалған жігіттің қайда жұмыс істегенін білмейді екен. Мейрамхананың атын есте сақтамадық дейді. Қазір оны іздеуге полициядан бөлек ерікт азаматтар да жұмылған. Барлығы 70 волонтер елорданың көшелеріне Әнуардың фотосуреттерін жабыстырып, қаланың әр түкпірін іздеуде.

Туыстары 8 қыркүйекте Әнуардың мессенджері қосылғанын айтады. Дереу ұялы телефонына хабарласқанда бейтаныс ер азамат тұтқаны көтеріп, телефонды бірер күн бұрын сатып алдым деп жауап берген. Полицейлер болса әзірге толыққанды ақпарат беруден бас тартып отыр.

Тегтер: