Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері көлік жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жолда абай болуға шақырды
Петропавлда өткен демалыс күндері екі студент қызды көлік қағып, екеуі де дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 қараша күні Петропавл қаласында Н.Назарбаев-Жуков көшелерінің қиылысында жолдан өтіп бара жатқан облыс орталығының 16 жастағы тұрғынын «ВАЗ» көлігі соғып кетті. Зардап шеккен студент қыз дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Жол оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді бір жол апаты 24 қараша күні болған. Потанин көшесінен өтіп бара жатқан 17 жастағы қызды көлік соғып, ол дене жарақатын алды.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері көлік жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жолда абай болуға шақырады. Қыс мезгілінің келуіне байланысты жол жағдайы нашарлап, көктайғақ салдары жол-көлік апатына әкелуі мүмкін.
«Ауа-райына байланысты қырағылықты екі есе арттыру керек. Жолдан тек арнайы жаяу жүргінші жолымен өту қажет. Онда да келе жатқан автокөлік тоқтап жол берген жағдайда және қауіпсіз екендігіне көз жеткізгенде ғана өтуге болады», - дейді полиция өкілдері.