Облыста жаңадан бас санитар дәрігер тағайындалды
Бүгін, 6 қаңтарда Атырау облысында жаңа бас санитар дәрігер - санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып Мәдениет Танауов тағайындалды.
М.Танауов 1971 жылы туған, 1997 жылы С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ді (санитариялық-гигиеналық факультет) бітірген. Осы тағайындауға дейін ол Орал қаласының бас санитар дәрігері болып жұмыс істеді.
Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қалалық дезинфекциялық станциясының дәрігер-эпидемиологі болып бастады. 1999 - 2016 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік санитариялық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасында коммуналдық гигиена бөлімінің санитарлық дәрігері, бөлім меңгерушісі, Зеленов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері қызметтерін атқарды.
Одан бұрынғы санитар дәрігер Амантай Жұмағалиев бұрынғы қызметі - Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары лауазымына оралды.
Еске салайық, бұл Атырау облысында COVID-19 пандемиясы басталғалы тағайындалған сегізінші бас санитар дәрігер.