2 жасар баланы ұрып өлтірген өгей әкеге қатысты тергеу аяқталды - прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Қатыгез әке өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы екі жасар баланы өлтіру фактісі бойынша күдікті 1985 жылы туған «К» атты азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтаған. 

Оқиға биылғы жылдың 23 қыркүйегінде болған.  Мазасызданған баланы тыныштандырмақ болмақ 34 жастағы азамат балақайды соққының астына алған. Соның салдарынан бала есін жоғалтқан. Бұған ашуланған қаскөйде баланы өлтіру пиғылы туындап, ес-түссіз жатқан баланың іш тұсынан тағы да ұрған. Оқиғаның куәгері болған кездейсоқ жүргінші жедел жәрдем шақырған.

«Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының процесс прокурорымен ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша (кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру) айыпталушы «К» атты азаматқа қатысты іс Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілді. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе онсыз он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру,  не өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - делінген Алматы қаласының прокуратурасы таратқан ақпаратта.

 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы