Ләйлә Сұлтанқызы әзілкеш Нұрболхан және журналист Бибігүлмен жеке-жеке соттасуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Ләйлә Сұлтанқызының қорғаушысы ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексі бойынша айыпталушылар саны бір емес, бірнешеу болуына рұқсат бар екенін алға тартты

Фотоколлаж

Нұр-Сұлтанда белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының әзілкеш Нұрболхан Шарапов және журналист Бибігүл Дәулетбекқызының үстінен жазған арызы бойынша сот процесі басталды. №2 Есіл аудандық сотындағы тыңдалымға айыпталушы тарапты қолдап келгендердің ішінде әнші Алтынай Жорабаева да бар. Ал оларды сотқа берген Ләйлә Сұлтанқызының өзі бой көрсетпеді.  

Негізгі тыңдалым басталмас бұрын Б.Дәулетбеқызының қорғаушысы Айман Омарова сот айыпталушылардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша өтуі керек деген өтініш-хат түсірді. Оның айтуынша, журналист Алматы қаласының Бостандық ауданында тіркелген және Нұрболхан Шараповты жеке танымайды. Н.Шараповтың қорғаушылары да осы мәселелерді көтерді.

«Сот істі өз өндірісіне заңсыз алды. Қаулы шығармас бұрын қылмыс оқиғасы қай жерде болғанын анықтау керек еді. Ғаламтор виртуалды әлем болғандықтан, адам постты кез келген жерде отырып жазуы мүмкін. Бибігүл Дәулетбекқызы жазбаны жариялағанда Алматыда болған.  Ал Нұрболхан Шарапов екеуі қазір ғана танысып отыр. Екі бөтен адамның бір істе айыпталуы түсініксіз», - деді А. Омарова.

Сот процесінің басталу сәті

Ал, Ләйлә Сұлтанқызының қорғаушысы ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексі бойынша айыпталушылар саны бір емес, бірнешеу болуына рұқсат бар екенін алға тартты.  

«Айыпталушылар ісі бірге қаралмау керек деген қағида жоқ. Шарапов Нұрболхан Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында тіркелген. Сотта өзі айтқандай, әлеуметтік желідегі посттарын осы қалада жазған. Ал Бибігүл Дәулетбекқызының жазбалары Алматыда жарияланғанын өзі бүгін ғана айтып отыр. Біз тергеу органы емеспіз, сондықтан арызданбас бұрын «Постты қай қалада жаздың?» деп сұрай алмаймыз» - деді қорғаушы Ақылбек Мақсұтов.

Бірақ сот төрағасы шағымдар бойынша шешімді ертең, 17 қыркүйек сағат 10:00-де хабарлайтын болды. Егер айыпталушы тараптың өтініші ескерілсе, Б. Дәулетбекқызының соты Алматыға ауысуы мүмкін. Ал, Н.Шараповтың ісі Нұр-Сұлтанда қаралады.      

Еске салайық, Ләйлә Сұлтанқызы Нұрболхан Шарапов мен Бибігүл Дәулетбеқызын «Өз ойым» бағдарламасы туралы әлеуметтік желіде қалдырған жазбаларына байланысты сотқа берген. Іс Қылмыстық Кодекстің 130 «Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер тарату» бабы бойынша қаралуда.  Тележүргізушінің шағымына сенсек, «7 арнада» көрсетілген хабардың «Қыздығын сатамын» деген қызға арналған шығарылымы туралы посттарда жүргізушінің жеке басын қорлайтын сөздер жазылған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан