Екіжақты пневмониямен ауырған жас анадан коронавирус инфекциясы анықталды
Шымкентте дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы қабынған жаңа босанған әйелді аман алып қалды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қаласында 17 желтоқсан күні жаңа босанған әйел ауыр халде перзентханадан қалалық жұқпалы аурулар орталығына ауыстырылған. Түскен кездегі жағдайы өте ауыр болған, әрі өздігінен демала алмаған науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміндегі өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.
«Компьютерлік томография нәтижесінде науқас өкпесінің 90%-ы зақымдалып, екі жақты пневмония екені анықталды. Бұған қоса, ПТР сараптамасы бойынша жаңа босанған әйелде COVID-19 вирусы бар екені белгілі болды», - делінген хабарламада.
Науқаста тыныс жетіспеушілігінің 3-дәрежесі, айқын интоксикациялық синдромы, тромбациттің төмен болуы сынды асқынулар болған. 1982 жылғы әйелге дәрігерлер хаттама бойынша толық ем көрсетіп, антикоагулянтты және антибактерильдық терапия бойынша көмек көрсетті.
«Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Өздігінен тыныс алуда. Тыныс алу жиілігі жақсарған. Қандағы оттегі мөлшері 98%-ды құрайды. Қайта жасалған компьютерлік томография қорытындысы өкпе қабынуының 30%-ға азайғанын көрсетті», - деді қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгирова.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары бүгінде әйелдің денсаулығы жақсарып, 29 желтоқсан күні ауруханадан шыққанын хабарлады.
Қосымша сұрақтар бойынша тегін 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуға болады.