Алматы полициясы күшейтілген режимге көшеді

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа жыл түнінде Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әдеттегі уақытта қаланың тыныштығын 1650 полиция қамтамасыз етеді. Мереке кезінде жеке құрам ғана емес, полиция тұтастай күшейтілген режимге көшпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал, Алатау ауданында тағы бір полиция бөлімшесі ашылады. 90 қызметкерден тұратын бөлімшенің ашылуына шет ауданда қылмыстың көп тіркелуі себеп. Тонау, қарақшылық сынды қылмыстар Түрксіб, Алатау, Наурызбай сынды шеткі аудандарда да көп болады екен.

«Күніне орта есеппен үш ауысымда 1 650 полиция қызметкері (жаяу - 1.110, автокөлікпен - 540) күзетке шығады. Жаңа жыл кезінде қалада полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Осыған дейін полицияның 41 стационарлық модульдік бекеттері құрылды, оның 4-і туристік полицияға және 37-сі (5 үлкен және 32 кіші) ең криминогенді аудандарда орнатылған. Модульдік посттарда күндізгі уақытта учаскелік инспекторлар, түнде патрульдік полиция полкінің екі инспекторы қызмет етеді. Орнатылған модульдік полиция посттары қаладағы қылмыстың азаюына оң әсер етті», - деді Алматы қалалық ПД-нің бастығы Қанат Таймерденов.

Десе де, тұрғындар тарапынан полицияға шағымдар биыл да аз түспеген. Тек стационарлық полиция посттары орналастырылған сәттен бастап 7 мыңнан астам азамат арызданыпты. Сол арыздардың негізінде 43 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, 2200 әкімшілік іс қозғалған.

«816 өтініш бойынша жауап шаралары қабылданды, 949 азаматқа заңгерлік көмек және кеңестер берілді. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс 47,8% төмендеді. Сонымен қатар, модульдік посттар орнатылған жерлерде қылмыс деңгейі орта есеппен 60% төмендеді. Қазіргі уақытта тағы 7 модульдік пост бөлу мәселесі қарастырылуда», - деді Қ.Таймерденов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы