Соңғысы емес. ДДСҰ әлемде жаңа пандемиялар болуы мүмкін екенін ескертті

Автор: Azattyq Rýhy

Пандемия бүкіл ғаламшардағы жан-жануарлар мен адамзат денсаулығының өзара байланысын көрсетіп берді

Фото: EPA

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус әлемде жаңа пандемиялардың пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

РИА Новости агенттігі жазғандай, ол бұл мәлімдемесін ДДСҰ-ның Youtube-арнасында көрсетілген Халықаралық эпидемияға қарсы дайындық күніне байланысты жасаған бейнеүндеуінде айтты. 

«Тарихтан байқағанымыздай, қазіргі пандемия соңғысы болып қалмайды және эпидемия шынайы өмірлік жағдайға айналады», - деді Т. Гебрейесус.

Осыған байланысты ДДСҰ басшысы болған жағдайдан сабақ алып, оның ішінде, қазіргідей оқиғалардың алдын алуға инвестиция құйып, алғашқы медициналық көмекті дамытуға шақырды.   

«Коронавирустың әлемге тигізген ықпалы ауру ауқымынан шығып кетті және қоғам мен экономикаға ұзақ уақыт бойына зардабын тигізіп отыратын болды», - деп атап өтті ол.   

Гебрейесус келешекте пандемияның қоғам мен экономикаға жағымсыз әсерлерін барынша азайтуға бағытталған үш кеңес берді. 

Оның пікірінше, ең алдымен, болуы ықтимал төтенше жағдайлар мониторингі жөніндегі бағдарламаларға қаржы құюы керек. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі, үкімет және қоғам жұмыстарын үйлестіріп отыру қажет. Үшіншіден, ДДСҰ басшысы пандемияның бүкіл ғаламшардағы жан-жануарлар мен адамзат денсаулығының өзара байланысын көрсетіп бергеніне назар аудару керек екенін айтты.