Олардың 21-і Өзбекстан, екеуі Тәжікстанның азаматы
Батыс Қазақстан облысында жолда қалған 23 шетелдік азамат эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 22 қараша күні Сырым ауданында болған. Сағат 07.06-да Самара-Шымкент күре жолында «Vanhool» маркалы жолаушылар автобусының сынып қалғаны жөнінде хабар келген.
ТЖ департаменті (2 қызметкер, 1 техника) және жергілікті атқарушы органдардың (1 адам, 1 техника) күшімен 23 жолаушы аудан орталығы Жымпиты ауылына жеткізіліп, жылыту пунктінде орналастырылды. Олардың 21-і Өзбекстан, екеуі Тәжікстанның азаматы болып шықты.
Зардап шеккендер жоқ. Сол күні сағат 23.30-да барлық жолаушылар басқа автобуспен сапарларын жалғастырды.