25-тен астам ел Британия Корольдігімен әуе қатынасын тоқтатты
Ұлыбританияда өткен тәулікте коронавирус жұқтырушылар саны 39 036 деген санмен тіркелді. Бір тәулікте 574 адам қайтыс болды. Бұл – елдің Денсаулық сақтау министрлігі берген мәлімет.
Бір күн бұрын диагноз 39 237 адамда анықталды, 744 адам қайтыс болды. Жалпы, пандемия басталғаннан бері елде коронавирус 2 188 587 адамда расталды, 69 625 жан бақилық болды.
Осындай ауыр жағдайда қалған Британия Корольдігіндегі жағдай туралы сол жердің тұрғындарына айналған Қазақстан азаматтары Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.
Ансар Бердіқожа – Шотландия мемлекеті, Глазго қаласында орналасқан Стратклайд университетінің (University of Strathclyde) PhD докторанты. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты «Electronic and Electrical Engineering» мамандығы бойынша білім алуда.
«Ұлыбритания мемлекеті ішіндегі жағдай әр қалада әр түрлі. Глазгода 700 мыңнан астам халық тұрады. Шотландияның ең үлкен шаһары. Бізде осыдан 2-3 апта бұрын «Tier 3» режимі енгізілді. Енді бүгінгі түннен бастап қаңтардың 10-на дейін біз қайтадан «Tier 4»-ке өтеміз. Бұл нені білдіреді? Қонаққа баруға, қонақ шақыруға болмайды; далада 6 адамнан көп жиналуға болмайды; далаға қажеттілік бар болғанда ғана (азық-түлік, дәрі-дәрмек) шығуға болады. Барлық ойын-сауық, сауда орталықтары жабылады», - дейді Ансар.
Ұлыбританияда коронавирус қаупі 4 деңгейлі ескертумен белгіленеді. Олар:
26 желтоқсаннан бастап COVID-19 тез таралуына байланысты шектеулер елдің көптеген аймақтарында қолданыла бастады.
Британияда анықталған коронавирустың жаңа штаммына байланысты Рождествода шектеулер енгізілді. Бүгін, 25 желтоқсан – католиктердің Рождество мерекесі (Christmas Day).
«Бүгін «Tier 3» режимінің соңғы күні. Christmas – шотландықтар үшін жаңа жыл мерекесі сияқты айтулы күн. Сол себепті тұрғындар бүгін жаңа режим енгізілмейінше, туыстарына, достарына сыйлық алып үлгерді. Далаға шықсаңыз, көп адамды көруге болады. Ал оқу онлайн форматта өтіп жатыр. Кітапханаларға баруға мүмкіндік бар», - деді Ансар.
Еске салайық, бұған дейін Британияда вирустың SARS-CoV-2 жаңа штаммы анықталды. Ол 70% тезірек жұғады деп жарияланды.
20 желтоқсаннан бастап Лондон мен елдің оңтүстік-шығысы коронавирустың жұқпалы түрінің тез таралуына байланысты локдаун режиміне өтті. Ал елдің оңтүстік-батысында орналасқан Эксетер қаласында жағдай қалыпты.
«Лондонда tier 4 деңгейіндегі карантин жарияланды. Яғни, ол жақта шектеулер көктемдегідей қатаң. Ал Эксетерде - tier 2. Бізде дүкендер, тамақ ішетін кафелер – бәрі ашық. Бұл қалада отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Оқу түгел онлайн режимге көшті»,- деді Айбол Қозбағаров.
Айбол Эксетер университетінде (University of Exeter) «Master of Public Administration» мамандығы бойынша білім алуда. «Болашақ» бағдарламасының стипендия жеңімпазы. Магистратурада оқып жатқан қазақ азаматы 3 баласы және жарымен бірге Британияның оңтүстік-батысындағы осы қалада тұрып жатыр.
Еске салайық, Лондон тұрғындары карантиннің күшеюіне байланысты қаладан жаппай кете бастады. SARS-CoV-2 вирусының жаңа мутациясына байланысты 25-тен астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан