Алматыда қалалық-клиникалық аурухана дәрігерлері үстемақы ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Аурухана күніне кем дегенде 30 науқас қабылдайды

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда қалалық-клиникалық аурухана дәрігерлері жалақысын уақытылы ала алмай жүр. Сонымен қатар дәрігерлер үстемақыдан күдер үзгендерін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Біздің ақшамыз неге төленбейді. 3 ай болды біз ақшамызды алмағанымызға. Төленуін талап етеміз», - дейді № 1 қалалық клиникалық ауруханасының лаборант дәрігері Қарлығаш Исабекова.

Аурухана күніне кем дегенде 30 науқас қабылдайды екен. Олардың дені пневмония немесе ковидке шалдыққандар көрінеді.

«Бізге үстемақы бастапқыда уақытылы беріліп жүрді. Қыркүйек айынан бастап тоқтап қалды. Күн-түн демей осында жұмыс істеп келеміз, неге қаражатымыз дұрыс берілмейді? Неге бізді ешкім елемейді?», - дейді Алматы қаласы № 1 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімінің санитар дәрігері Руслан Өтепбергенов.

Аурухана басшылығының айтуынша, аурухананы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Қордың айтуынша, аурухананың қабылдау бөлімінде олқылық бар.