Нұр-Сұлтанда синтетикалық есірткі өндірген зертхана жойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел қызметкерлер сатуға дайындалған 1500-ден астам бір реттік есірткі мөлшерін алды

Фото: баспасөз қызметінен

Елордалық полиция қызметкерлері жеке секторда «жылдамдық» және «Амфетамин»деп аталатын синтетикалық есірткі жасап, сатуға дайындаған зертхананы анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткі өндірісін Екібастұз қаласының тұрғыны ұйымдастырған.

Күдікті жалға алған тұрғын үй-жайды тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын химиялық заттар, психотроптық заттар салынған колбалар, химиялық формулалар жазылған дәптерлер, өлшеу таразылары мен газқағарлар, сондай-ақ есірткі дайындау кезінде қолданған жеке химиялық қорғау костюмі алынды.

Сондай-ақ, жедел қызметкерлер сатуға дайындалған 1500-ден астам бір реттік есірткі мөлшерін алды.

Мамандар синтетикалық есірткі өндіру кезінде химиялық реакциялардың ерекшеліктеріне байланысты өздігінен жану, жарылыс қаупі бар екенін атап айтты. Бөлінетін күйдіргіш газ адамның денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан зертхананы жоюды ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері химиялық қорғау киімдерімен жүзеге асырды.

«Есірткі заттарды, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, онда мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмысқа қатысушыларды анықтау және ұстау бойынша жедел - іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.