Құжат «eGov» сайтында қолжетімді
Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінде студенттік билеттер электронды форматқа ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
«Құжат «eGov» сайтында және «eGov mobile» мобильдік қосымшасында қолжетімді. Жеке электрондық құжаттарды сақтау бойынша «Цифрлық құжаттар» сервисі «eGov mobile» электрондық үкімет қосымшасының басты бетінде орналастырылған. Студенттің басқа да жеке құжаттарымен бірге электронды студенттік билеті осы сервистің ішінде орналастырылған. Мобильді қосымшаны Google Play және AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Қосымшада ЭЦҚ немесе бірреттік құпия сөз арқылы авторизациядан өту қажет», - деп жазылған хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, барлық жоғары оқу орындары мен колледждер қағаз түріндегі студенттік билеттерге қыруар қаражат жұмсайды. Орташа есеппен әрбір студенттік билет 1000-1200 теңге тұрады. Студенттік жеңілдіктерді пайдалану барысында қағаз құжаттардың шынайылығын растау қиындық тудырып жататыны белгілі. Ал «eGov mobile» мобильді қосымшасында құжаттың шынайылығын электрондық үкімет растайды.