Полиция ата-ананың үстінен әкімшілік хаттама толтырды
Алматы облысында иен даладан табылған ұл анасына тапсырылды. Иен далада адасып жүрген баланың ата-анасы Өзбекстаннан келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жамбыл облысының Темір жол ауылындағы шаруа қожалықта жұмыс істейтін әйел ұлын тауып әкелген жүргізушіге алғыс айтты.
«Бала жолға шығып кеткен. Жан жағында ешкім жоқ. Такси жүргізушісінің кездескені жақсы болды. Ешкімге арыз-шағымым жоқ, қайта рахмет жүргізушіге», - деді 44 жастағы әйел.
Оқи отырыңыз: «Қасқыр жеп кетсе қайтесің?» Алматы облысында иен далада жалғыз жүрген бала табылды
Баласына ие бола алмаған ата-ананың үстінен полиция әкімшілік хаттама толдырды. Сонымен қатар полиция баланы аман алып қалған жүргізушіні марапаттамақ.
«Тексеру барысында анасы баласымен бірге көрші шаруа қожалығына келгені және бес жасар ұлын көлікте қалдырғаны анықталды. Бала анасын күтпей, жолға шығып кеткен. Оны өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі байқап, бейнежазбаға түсіріп, желіге жүктеген. Содан кейін анасын тауып, баласын аман-есен қайтарған», - деп жазылған Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ювеналды полиция әкімшілік кодекстің 127-бабына сәйкес «ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы» дерегі бойынша баланың анасын жауапкершілікке тарту туралы мәселесін қарастыруда