Елордада мемлекеттік басқаруды трансформациялауда цифрлық технологияларды пайдалану жөнінде семинар өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Жиынды АКТ индустриясының сарапшылары өткізді

Нұр-Сұлтанда мемлекеттік цифрлық офицерлерге арналған «Цифрлық трансформация басшысы» (CDO) атты екі күндік білім беру семинары өтті. Семинар мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету саласында заманауи цифрлық технологиялар мен платформалық шешімдер енгізуге арналды.

Іс-шараны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып өткізді. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингі, Huawei Technologies Kazakhstan және IDC компаниясы қолдау көрсетті.

«Кәсіби IT-мамандарсыз цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан цифрландыру аясында сервистерді енгізу мен дамытуға жауапты адамдардың мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Қазір орталық мемлекеттік органдар мен өңірлерде цифрландыру бағытында кем дегенде 500 адам жұмыс істейді және олардың әрқайсының кәсіби деңгейі жоғары маман болуы маңызды. Мемлекеттік секторда ІТ саласын меңгерген кәсіби мамандардың аздығы – қазіргі ең өзекті проблема. Сондықтан да мұндай форматтағы оқу жүйелі түрде жүргізілетін болады», - деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.


Бағдат Мусин

Іс-шара барысында елдің цифрлық экономикасын дамыту, инновациялар мен платформаларды дамыту стратегиялары, сондай-ақ Huawei Mobile Services жаңа экожүйесін дамыту және қазақстандық қосымшаларды HUAWEI мобильді платформасына интеграциялау мүмкіндіктері туралы мәселелер талқыланды.

«HUAWEI компаниясы әрқашан «Қазақстанда және Қазақстан үшін» тұжырымдамасын ұстанып, Қазақстандағы цифрлық экономиканы дамыту талаптарына сай болуға тырысты. Біз Қазақстанның зияткерлік дәуірге тезірек аяқ басуына көмектесетін үздік тәжірибе, ресурстар мен технологияларды енгізетінімізге, сондай-ақ технология саласының тұрақты дамуы мен көшбасшылықты қамтамасыз ететінімізге қуаныштымыз», – деп атап өтті Huawei Technologies Kazakhstan Бас директоры Чжан Цинго.


Чжан Цинго

Білім беру семинары бес модульден тұрады. Атап айтқанда, салалық платформаларды реттей отырып, мемлекет елдің цифрлық экономикасын дамытуда қандай рөл атқаруы мүмкін деген сауал қарастырылды. Facebook, WeChat, Amazon сынды жаһандық B2C платформаларды мемлекет тарапынан реттеу, сондай-ақ аймақтық цифрлық қоғамдастықтардың рөлі талқыланды.

«2022 жылға қарай ЖІӨ-нің 60%-ы цифрланады деп біз 2018 жылы болжағанбыз. Биыл бұл болжамды жаңарттық және осы айтылған уақытқа дейін ЖІӨ-нің 65%-ы цифрланады деп ойлаймыз. COVID-19-ға қарамастан, әлемдік ЖІӨ цифрландыру іс жүзінде жеделдеді», – деді IDC вице-президенті Андрей Беклемишев.


Андрей Беклемишев

Сондай-ақ, сарапшы қазір ЖІӨ-нің төмендеуіне қарамастан, мемлекеттерде цифрлық дамудың рөлі артып келе жатқанын айтты.

«Бүгінде «ақылды технологиялар» адам өмірінің барлық саласына қарқынды еніп, ажырамас бөлігіне айналды. Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, барлық ел ұстанатын жаһандық үрдіс. Цифрландыруды енгізуді кейінге қалдыруға болмайды. Олай етсек кері кетеміз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жарқын Тілеукенов.


Жарқын Тілеукенов

Оқытумен қоса, HUAWEI өкілдері AppGallery платформасын таныстырды. Ол HMS Core (Huawei Mobile Services) құрамына кіреді және екі негізгі бөліктен тұрады. Атап айтқанда, тұтынушыларға арналған қосымшалар (AppGallery қосымшалар дүкені, Ассистент, Браузер, Әмиян, Видео, Музыка сервистері және т.б.) және бағдарламашылар қосымшалардың функционалдығын қамтамасыз ету үшін пайдаланатын бағдарламалық пакеттер (Account, Ads, Analytic, IAP, Game Service және басқалары). Қазіргі уақытта оларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін 56 Kit және 13 мыңға жуық интерфейс бар. Олар қосымша ішінде жарнама орнатуға, сауда жасауға, қосымшаның қолданылуы мен белсенділігін сараптауға және басқа да қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

«HUAWEI шығаратын барлық мобильді құрылғыда 2020 жылдан бастап Huawei Mobile Services платформасы және HUAWEI компаниялар тобының жеке, бірегей  туындысы саналатын AppGallery қосымшалар дүкені жұмыс істейді. Қазір Қазақстанда миллионнан астам HUAWEI телефоны бар және олардың саны артып келеді. HUAWEI смартфондары Қазақстанда мыңдап сатылып жатқанын ескере отырып, ресми мобильді қосымшаларды AppGallery платформасына интеграциялау – ел азаматтарының мемлекеттік қосымшаларға емін-еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп ойлаймыз», – деп атап өтті Еуразия аймағындағы HUAWEI экожүйесінің вице-президенті Михаил Комков.


Михаил Комков

HMS платформасында және AppGallery қосымшалар дүкенінде қазірдің өзінде әлемдегі ең танымал қосымшалар, сондай-ақ EGOV, Kaspi, Chocolife, бірнеше ондаған банктер және тағамға тапсырыс беру, автомобиль сервисі, жеткізу бойынша аса маңызды қосымшалар бар. Қазір AppGallery әлемдегі ең жақсы 3 экожүйенің қатарына кіреді және қарқынды дамып келе жатыр.

Тегтер: