«Төрешілер дұрыс шешім қабылдады»: Шеремета GGG-ге қарсы жекпе-жек туралы пікірін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Поляк боксшысы 4 нокдауннан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмады

фото: dazn.com

19 желтоқсанда Геннадий Головкиннен жеңілген поляк боксшысы Камил Шеремета пікір білдірді.

«Барша жанкүйерлер, таныстар мен достарға сәлем. Головкинмен жекпе-жек нәтижесін білесіздер. Әр соққы ауыр тиетінін, қиын болатынын білдім. Құлаған сайын қайта тұрып, жекпе-жекті жалғастырғым келді. Жетінші раундтан кейін төреші келіп, менің денсаулығым үшін жекпе-жекті тоқтататынын айтты. Бұл бір жағынан, дұрыс шешім болды. 12-ші раундқа дейін барсам да, кездесу нәтижесін өзгерте алмас едім.

Головкин – жоғары деңгейдегі боксшы. Мен тек жеңілген жоқпын, тамаша тәжірибе жинадым. Шынын айтсам, бұл кездесуден жинаған тәжірибем алдыңғы 21 жекпе-жектен алғанымнан көп», - деп жазыпты Шеремета Facebook желісінде.

Еске салайық, 19 желтоқсанда BF/IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1,35 КО) қарсыласы Камил Шереметаны (21-0, 5 КО) техникалық нокаутпен жеңді.

1 және 2-раундта-ақ Геннадийдің ауыр соққысынан Камил нокдаун алып қалды. Төртінші және жетінші раундтарда Польша боксшысы ауыр соққы алып, төреші есеп ашты. Ал 8-раунд алдында төрешілердің шешімімен Камил Шереметаның шаршы алаңға шығаруына жол берілмеді.