Өңірдегі жұрттың қысқы спорт түрлерімен айналысуы 1%-ға жетпейді
Шығыс Қазақстан облысының табиғаты – туризм үшін тапсырмас өлке. Мұнда туристерді қызықтыратын керемет ландшафттар, әртүрлі климаттық аймақ, баға жетпес мәдени және тарихи ескерткіштермен қатар, сан алуан демалыс орындары бар. Қыс мезгілінде шаңғы, коньки, сноуборд тебуге мүмкіндік беретін орталықтар да жетерлік. Ең танымалы – «Алтай альпісі» тау шаңғы кешені. Алты ай қар құрсауында жататын шығыста бес ірі қысқы демалыс орны бар. Сөйте тұра, өңірдегі жұрттың қысқы спорт түрлерімен әуесқой деңгейде айналысуы 1%-ға жетпейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шығыста қысқы спорт түрлерінің дамуы төмен деп санайтын адамның бірі – Александр Алексеевич. Ол Өскемен қаласының маңынан 400 гектар жерді 49 жылға жалға алған. Оның 40 гектары шаңғы тебетін демалыс аймағына тиесілі. «Алтай альпісі» аталған тау-шаңғы демалыс орнында 200 бен 900 метр аралығын қамтыған түрлі деңгейдегі 5 аспалы жол тартылған. 150 турист тұрақтайтын қонақүй бар. Тау бөктерінде бір күнде мың адамға дейін сырғанай алады. Алайда, шығыстағы аты шыққан шаңғы тебу орны қаңырап тұр. Қожайынның айтуынша, қоғамдық көлік жүрмейтін болғандықтан, келетін туристер саны сирек.
«Біз Қазақстанда туризмді дамыту керек дегенді жиі айтамыз. Алайда оны орындау әзірге мүмкін емес. Ең басты себеп - инженерлік жүйенің жоқтығы. Тау-шаңғы курортын дамыту үшін электр қоры жеткілікті болуы керек. Су мен кәріз жүйесі де тартылуы тиіс. Біз болсақ, Кеңес заманынан қалған заттарды пайдаланумен шектеліп отырмыз. Демалыс орындарына арнайы автобустар мүлдем жүрмейді. Яғни, халық демалыс орындарына жете алмайды. Шығыс Қазақстан облысының табиғаты тау шаңғысы, сноуборд, фристайл спорттарына таптырмас орын. Бес-алты ай бойы қар жатады. Алайда демалыс орны қысқы маусымда тек 40 күн жұмыс істейді, яғни демалыс күндері ғана адам келеді, басқа уақытта қаңырап бос тұрады. Біздің өлкеде қысқы спорт түрлері «өлі» күйінде жатыр. Шығыстағы қазіргі қысқы спорт түрлерін дамыған елдер тұрмақ, Кеңес кезеңімен салыстыруға да келмейді. Облыста жеңіл атлетика, волейбол сынды спорт түрлеріне көңіл бөлініп, қымбат легионерлерді сатып алуға жұмсалады да, бұқаралық спортқа, қарапайым халықтың спортпен айналысуына көңіл бөлінбейді. Қысқы спорт түрлерін дамытуға, спорт кешендерін салуға субсидия мүлдем қарастырылмаған. Ал Түркияда керісінше жасалған, есесіне, әлемде туризм бойынша көшбасы мемлекеттердің біріне айналды. Ал бізде сөз жүзінде ғана. Демалуға келген қытай туристері «Шыңжанмен салыстырғанда сендерде туризмді дамытуға 100 есе мүмкіндік көп, бірақ бізден 100 есе аз жұмыс істепсіңдер» дегені есімде әлі», - деді «Алтай альпісі» тау шаңғы демалыс орталығының иесі Александр Чиликин.
Шығыс Қазақстан облысында 1,5 миллионнан астам адам тұрады, оның 350 мыңы Өскемен қаласына тиесілі. Зайсан, Марқакөл, Қатонқарағай, Риддер сынды сұлу жерлерімен шығыстың аты шыққанымен, мұндағы демалыс орындары жаз мезгілдерінде ғана жұмыс істейді. «Орел», «Эдельвейс», «Нұртау», «Рахман қайнары» сынды 5 ірі қысқы тау-шаңғы курорттық орындары болғанмен, оған баратын турситер саны өте аз. Кәсіпкерлердің айтуынша, облыс әкімдігі бұл салаға көңіл бөлмейді.
«Шығыс Қазақстан облысында тұратын халықтың 1%-ы да қысқы спорт түрімен айналыспайды. 350 мыңдай тұрғыны бар Өскемен қаласының тек 1%-ы ғана шаңғы, сноуборд тебеді. Шетелдік туристер келеді деп те асыра айтудың қажеті жоқ. Олардың өздерінде қысқы демалыс орындары жетерлік. Бір қыста 10 мың адам осында қонып, демалса деген арманымыз бар. Бір күнде бір мың адамды қабылдай аламыз. Сенбі-жексенбі күні шаңғы тебушілер жүреді, ал басқа күндері курорт жұмыс істемейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, адам жоқ. Тым болмағанда, сырғанау орталығында оқушыларды әкеліп үйрету керек деп санаймын. Шымбұлақта қыста 1,5 мыңға дейін оқушы тегін шаңғы тебуді үйренеді. Оған әкімдік көңіл бөліп отыр. Бізде керісінше, жастарға көңіл бөлмек түгілі, қоғамдық көліктің мәселесін де шешпеген. Қала билігі автобус жүргізсе, тауға шығушылар саны да артар еді. Олар «Автобус қажет болса, өздерің ұйымдастырып алыңдар» деген. Курорттық аймақты ұстап тұруға ай сайын 30 миллион теңге төлеймін. Шығын көп, кіріс аз. «Изумруд» шипажайы, аңға шығару сынды өзге де бизнес түрлері бар. Солардың негізінде курортты ұстап отырмын», - деді қысқы туризмнің тұралап қалғанын айтқан А. Чиликин.
Мөлдір Маманова туристік фирма арқылы шығыстың табиғатын тамашалап жүр. Табиғаттың сұлу көріністеріне таңданғанымен, көңілінен шықпаған жайттарды да жасырған жоқ. Ол шығыста ғана емес, ел аумағында туристік бәсекелестік жоқ деп санайды. Оған дәлел ретінде жоғары баға мен көрсететін қызмет сапасын салыстырды. Қарағай, ақ қайыңдармен қоршалған «Нұртау» шаңғы курорты өңірге танымал.
Құлдилай сырғанайтын шаңғы жолы да, серуендейтін алаңқайы да бар. Мұнда бір адамның сырғанақ тебуі 18 мың теңгеден басталса, үйлер тәулігіне 160-450 мың теңге аралығында жалға беріледі.
«Алтайды аралау - әр адамның арманы. Маған шығыстың тағамы, келушілерді аспаздардың авторлық ас мәзірімен қарсы алатыны ұнады. Ұнамағаны – баға тым жоғары. «Алтай альпісінде» нөмірлер 29 мың теңгеден басталады. Бұл қарайым халықтың қолы жетпейді дегенді білдіреді. «Нұртау» курортының қонақүйлеріне қонбақ түгілі, тамақ ішудің өзін екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Әрине, қызмет көрсету сапасы жақсы, бірақ баға тым қымбат екенін ескерсек, бұл жаққа тек қалталылар ғана келе алады. Бір күндік демалысқа жүз мыңдап ақша тастап кету елдің экономикасына сәйкеспейді, оған жүзден бір отбасының ғана жағдайы жетеді. Яғни, біздегі демалыс орындары көпшілікке арналмаған деген сөз», - деді турист қыз.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында туроператорлық және турагенттік қызметтермен айналысатын жүзден астам туристік ұйым тіркелген. Олардың жұмысы негізінен жаз мезгілінде қызады. Жазда жұмыс істейтін Марқакөл, Қатонқарағай ұлттық паркі, Бұқтырма су қоймасы, Риддердегі шипажайларға бірнеше күндік саяхаттар ұйымдастырып, демалыс орындарына тұрақтаған туристерден түскен пайданың 10%-ын алады. Олардың айтуынша, демалыс орындарына келушілер саны азайғанымен, баға түспеген.
«Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан келген туристерді 2-3 күнге қыдыртамыз. Алтай түркі халықтарының шыққан жері болғандықтан, түркілердің даму тарихын көрсететін жерлер аз емес. Табиғаты да, тарихы да бай өлке. Жазғы туризмнің уақыты екі-үш айдан аспайды, алайда қысқы туризмнің уақыты жарты жылға жетеді. Десе де, туристер көп деп айта алмаймыз. Биыл жыл сайын келетін қытайлар да жоқ. Туристер жоқтың қасы. Өз бетімен келіп, шатырда, көлікте түнеп кететін адамдар бар, әрине. Бірақ оларды статистикаға қосу қиын. Көбі баға саясаты нашар, яғни қымбат деп айтады. Экономист ретінде айтайын, демалыс орындары 2-3 ай ғана жұмыс істейді, алайда ол жерлерді жыл бойы күтіп ұстау керек. Суды тасып әкеледі, кейбірі тоқты генератордан алады. Мемлекет тарапынан коммуникация жасалмағандықтан, өзіндік бағасы да жоғары болады. Мәселен, «Нұртауда» үйді жалдаудың тәуліктің құны 500 мың теңге. Риддер өңірін, Өскеменнің айналасын, Зайсан, Қатонқарағай, Марқакөл жерлеріне өңіраралық туристік-рекреациялық кластер құруға, Алакөлді қоса алғанда, шығысты туристік хабқа айналдыруға болады. Бірақ Өскемендегі кез келген демалыс орнына адамдардың жетуі проблема. Жеке көлігің болмаса, қиналасың немесе туристік автобустарды жалдауға тура келеді. Әкімдік Өскеменнің іргесіндегі демалыс орындарына қатынайтын қоғамдық көлікті мүлдем қарастырмаған. «Бизнес сендердікі ме, өздерің ұйымдастырыңдар» деген ұстанымда. Жергілікті әкімдіктің туризмді дамытуы тек сөз жүзінде ғана», - деді турфирма директоры Валерия Топольняк.
Әмірболат Құсайынұлы, ШҚО