Мұз жамылған Каспий теңізінің қысқы сұлулығы әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті
Ақтаулық тұрғын Азамат Cәрсенбаев мұз басқан Каспий теңізінің қысқы сұлулығын бейнелейтін видеосы әлеуметтік желі қолданушыларын тағы бір мәрте тәнті етіп, таңдай қақтырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Блогердің айтуынша, бұл бейнекөріністі еш дайындықсыз, ойламаған жерден түсіріп алған екен. Таңғы уақытта Каспий маңында серуендеп жүргенде теңіз бетіндегі қабыршақ мұз жабындысы еріксіз назарын аударыпты.
«Өзіммен бірге квадрокоптер ала шыққан едім. Сондықтан осындай сұлулықты жұртпен бөліскенді жөн көрдім», - дейді Азамат Сәрсенбаев.
Еске салсақ, Азамат Сәрсенбаевтың бұған дейін де Қаракөл көліне қонған қоқиқаздар легін түсірген видеосы лезде бүкіл әлемді шарлап, дүйім жұрттың назарын аударған болатын. Кейіннен блогер сол су қоймасында жұзіп жүрген бір топ аққуды түсіріп, тағы да көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.