$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2020, 10:27
Жаңалықтар

«Өткен датамен қаулы шығарды»: көкшетаулық кәсіпкер жергілікті билікті сотқа берді

Көкшетауда кәсіпкердің аукцион арқылы алған жер учаскесіне коммерциялық нысан салуына мүмкіндік берілмей отыр

«Өткен датамен қаулы шығарды»: көкшетаулық кәсіпкер жергілікті билікті сотқа берді
Көкшетау қаласындағы кәсіпкерге тиесілі жер учаскесі

Көкшетауда кәсіп бастаймын деп білек сыбана кіріскен азамат жергілікті әкімдік тарапынан «қысым» көріп, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Осыдан төрт жыл бұрын аукцион арқылы екі бірдей жер учаскесін сатып алған жеке кәсіпкер – Жасұлан Әлібаев әлі күнге дейін құрылысқа кірісе ала алмай жүр. Коммерциялық нысан салуға әуелде жергілікті билік тарапынан барлық рұқсат қағаздары берілгенімен, құрылыс бастамақ болғанда бәрі керісінше болған. Шығынға батқан кәсіпкер мен қалалық әкімдік арасындағы даудың мән-жайымен Azattyq Rýhy тілшісі танысқан еді.

КӘСІПКЕР 30 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ШЫҒЫНҒА БАТҚАН

- 2017 жылы қалалық әкімдікке қарасты жер қатынастары бөлімі жариялаған аукцион арқылы екі бірдей жер учаскесін сатып алдым. Екі учаске бір-біріне жақын орналасқан. Тек ортасында 70 шаршы метрде кәріз тұрбалары тұрған. Қалалық әкімдіктен рұқсат алып, өз есебімнен кәріз құбырларын басқа жаққа ауыстырдым. Құрылыс салу үшін рұқсат құжаттарын да алдым. Сөйтіп, 2019 жылдың наурызында екі учаскені біріктіріп, қос қабатты коммерциялық нысан салу үшін экскаватормен қазып бастадым. Осы кезде учаске маңындағы дүкен иелері бәсеке туғыза ма деген қауіппен бізден құтылудың амалын жасай бастады. Тұрғындарға «түнгі клуб салады» деп жалған мәлімет таратты. Сосын қалалық әкімдік келіп, жұмысымызды тоқтатуды талап етті. Мен барлық құжаттың талапқа сай екенін, заңды бұзбағанымды баяндадым. Бірақ артынша прокуратурадан тексеріс жіберді. Дегенмен, бізден ешқандай заңбұзушылық таппады. Одан кейін жер қатынастары бойынша министрліктен тексерістер басталды. Олар егжей-тегжейлі жоспар жоғын айтты. Бірақ бізде бас жоспар бар. Заңға сәйкес, бас жоспар болса, құрылыс салуға да толық негіз бар. Қалалық әкімдік осыған дейін рұқсат берген 70 шаршы метр жерді де қайтарып алды. Біз қалалық әкімдіктің құрылыс салуымызға қарсы екенін түсіндік. Кейін сатып алған учаскемізде де құрылыс салуға кедергі келтіріп жатыр. Бұл жерді сатып алуға, құжаттарын жасатуға, басқа да шығындарды есептегенде 30 миллион теңгеге жуық шығынға баттым, - дейді Жасұлан Әлібаев.

«АНАМА ДА ҚЫСЫМ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР»

Кәсіпкер бұрынғы жоспарын бұзып, енді учаскелердің бір бөлігінде ғана құрылыс жүргізбек болады. Бірақ қалалық әкімдік бұл жерде де нысан салдырмай қойған.

- 5 қарашада бір қабатты дүкен құрылысын салуға барлық құжаттарды түгендеп, іске кірістік. Құрылыс нысанын қоршап тастағанбыз. 13 қараша күні қала әкімінің орынбасары мен архитектор келіп, нысанды салуды тоқтатуымызды талап етті. Біз барлық құжаттар мен рұқсат таллонының бар екенін көрсеттік. Олар таллонның күшін жоятындарын айтып, кетіп қалды. Ертеңіне қала әкімінің 12 қараша күнгі қаулысымен біздің егжей-тегжейлі жоспарымыздың күші жойылғанын көрсетті. Яғни, өтіп кеткен датамен қаулы шығарған. Сөйтіп, 5 қараша күні өздері бекіткен егжей-тегжейлі жоспарды бұзды. Олар бізді моральдық тұрғыдан жаншып тастағысы келеді. Тіпті, құрылысқа еш қатысы болмаса да, сол жерде дүкені бар 64 жасқа келген анама да қысым көрсетілді. Дүкеніне біресе СЭС-тен, біресе қол астындағы «Көкшетау Су Арнасынан» кісі жіберіп, қысым жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерліктің дамуына жергілікті биліктің қолдау көрсету қажеттігін айтқан. Біздің әкімдік керісінше, заң талаптарына сәйкес болса да кедергі жасап бағуда. Біз дүкен ашып, халыққа жұмыс орындарын ұсынбақпыз. Құрылысымыздың заң жүзінде дұрыс екенін білемін. Сол үшін енді қалалық әкімдіктің үстінен сотқа жүгініп жатырмыз, - дейді Жасұлан Әлібаев.

«ҚАЛА ӘКІМДІГІ ХАЛЫҚҚА НЕГЕ ТҮСІНДІРМЕЙДІ?»

Аталған мәселе бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы өкілдері де заңның өрескел бұзылғанын мәлім етті.

- Бұл оқиғада мемлекеттік органдардың позициясы өте түсініксіз болып тұр. Жеке кәсіпкер Жасұлан Әлібаев аукцион арқылы жер учаскесін сатып алған. Ал мемлекеттік органдар оны енді заңсыз деп танып отыр. Бұл қалай болғаны? Әкімдік қалайша азаматтың жекеменшік құқығындағы жері бойынша алдын ала болжам жасап, тұрғындарды тыныштандырып, прокуратура және басқа да бақылау және қадағалау органдарының  шешім шығаратынын айта алады. Әрине, тұрғындардың пікірі ескерілуі тиіс. Бірақ адамдарға құрғақ уәде бермей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсіндіру керек қой?! Неге кәсіпкерлер палатасының алаңына келіп, қала әкімдігі осы аймақтағы құрылыс нормалары бойынша коммерциялық нысан құрылысы салуға болатынын, тыйым салынатын белгілерді, автотұрақтарды, қызыл сызықтарды, ғимараттың бекітілген жобасы мен нысанның арналу мақсатын көрсетпейді. Бұлардың бәрін түсіндірсе, олар кәсіпкерге осыншалықты ашуланбас еді деп ойлаймын. Ал кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ұсынып, бюджетке түсім келтіріп, жаңа нысан осы ауданды көркейте түседі ғой, - дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі Валентина Геращенко.

ҮШ ЖҮЗДЕН АСТАМ КӘСІПКЕРГЕ ТЕКСЕРІС ЖАСАЛҒАН

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақмола облыстық филиалының мәліметінше, 2018-2019 жылдары қалада бизнес өкілдеріне билік органдары қырғидай тиген. Жалпы, 300-ден астам кәсіпкерге прокуратура ұсыныстарына сәйкес тексеріс жасалған. Қалалық жер қатынастары бөлімі мен кәсіпкерлер арасында жасалған келісімшарттарды жер учаскелерінің жер кодексінің 48-бабына сәйкес сауда арқылы емес, жер комиссиясының шешімі бойынша 43-баппен берілгендіктен заңсыз деп тану туралы талап арыздар берілген.

- Қазіргі уақытта жер учаскелерін сатып алған үш бірдей кәсіпкердің нысандарына, атап айтқанда, Абылай хан даңғылы, 9 мекенжайындағы аукцион арқылы сатылған жер учаскесі, Әуелбеков көшесі, 82-де сату-сатып алу келісімшарты мен алынған жер Дзержинский көшесі  93 мекенжайындағы жер учаскелеріне қатысты егжей-тегжейлі жоспары жарамсыз деп танылған, - дейді Валентина Геращенко.

Аталған оқиғаға сәйкес Көкшетау қаласының әкімдігінен түсінік беруін сұрадық. Көкшетау қаласының әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов облыстық құрылыс басқармасының бұған қатысы жоғын, егжей-тегжейлі жоспарды прокуратура жарамсыз деп танығанын айтты.

Алдағы уақытта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында осы мәселе бойынша тағы жиын ұйымдастырылмақ.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары