Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұқарбай Парманов қаладағы жол, ауыз су, газ, жарық, кәріз жүйесі мәселелері бойынша тоқталып, шаһар басшылығының осы бағыттағы жұмыс жоспарымен бөлісті
Ауыз сумен қамту
Қазір қаладағы 6 елді мекенде су көздері бар. Олардың қуаты - 424 мың кубометр. Яғни, шаһар халқын ауыз сумен қамтамыз етуде бұл жағынан кедергі жоқ. Дәл қазіргі жағдайға келсек, қалада 4782 шақырым су құбыры тартылып, Шымкенттегі 63 шағын аудан аумағына су жеткізіп отыр. Қала тұрғындарының 93 пайызы ауыз сумен қамтылған, алайда әлі күнге дейін «шөлдеп» отырған 8 елді мекен бар.
«Қалада ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 8 елді мекен бар. Қазір оларға аптасына 2 рет ауыз суды автокөлікпен тасымалдап отырмыз. Тасымал мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Тағы 10 елді мекенді 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз, оларға тәулігіне 6-8 сағат қана су беріледі. Себебі, ондағы ішкі ауыз су жүйелері әбден тозған, халық ұңғымадан шыққан суды ішіп отыр. Су жүйелерінің бәріне талдау жүргіздік. 5 елді мекенге ауыз су жеткізетін құбырлардың құрылысы толығымен аяқталды. Бұйырса, жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындарды қуантқалы отырмыз. Талдау нәтижесі бойынша, тағы 13 елді мекенге су көздерінің жетіспейтіні анықталды. 2023 жылға дейін оларды ауыз сумен қамтамасыз етеміз, жобалық сметалық құжаттары дайындалды», - дейді қаласы әкімінің орынбасары.
Әкім орынбасараның айтуынша, қаладан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Көмешбұлақтан (водокачка – авт.) су құбырларын тартып, Тұран, Шымсити секілді шағын аудандар мен елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазынадан 5 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қазір бұл бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, мердігерлер 2020 жылдан бастап құрылыс жұмыстарына кіріскелі отыр.
Жарық беру
Қала халқын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуде де мәселелер бар. Бүгінде шаһарда жекеменшік 454 трансформатор бар. Бұқарбай Пармановтың айтуынша, қуат көзіне қосылмаған қалада 13 елді мекен бар. Жалпы, Шымкент халқының 91,2 пайызы қуат көзіне қосылған, ал қалған 8 пайызына әлі күнге дейін сапалы қызмет көрсете алмай отыр.
«Биыл 27 млрд 200 млн теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ құны 4,6 млрд теңгені құрайтын үш қосалқы стансаның, 3,7 млрд теңгеге 8 елді мекенді жарықпен қамтамасыз ететін электр жүйесінің құрылысы жүргізілде. Осы жылдың соңына дейін 3 елді мекенге толықтай жарық жеткізіп, көрсеткішті (жарықпен қамту) 93 пайызға дейін жақсартуды жоспарлап отырмыз. 2023 жылға дейін 32 елді мекенге электр жүйелерін жүргізу жоспарда бар. 2020 жылы 9 елді мекенді, 2021 жылы 14 елді мекенді, 2022 жылы 9 елді мекенді толықтай мемлекет меншігіндегі энергиямен қамтамасыз етіп, қаладағы 454 жекеменшік трансформатор мен 131 шақырымдық жекеменшік электр желісі қызметінен бас тартып, қуат бағасын 35 теңгеден 13,49 теңгеге дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Егер құрған жоспарымызды толық орындасақ, межелеген уақытта қалалықтарды 99% электр энергиясымен қамтамасыз етеміз», - дейді Б.Парманов.
Газ тарту
Қала әкімінің орынбасары газ мәселесіне де тоқталды. Қалада 6339 шақырымдық газ құбыры болғанымен, 13 елді мекен әлі күнге дейін орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Оның үстіне қалалықтарды толықтай газбен қамтуға көгілдір отынның тапшылығы үлкен кедергі болып отыр. Сол үшін қала маңынан 250 мың кубометр газ тарататын АГРС-3 бекетін салуға 3 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары келер жылы басталып, 2021 жылы аяқталады. Бекет құрылысына жауапты мердігер мекеме де анықталды. Одан бөлек, Түркістан облысына тиесілі Көмешбұлақ елді мекенінен 7 шақырымдық газ құбырын тарту жоспарланып отыр. Сол арқылы Тұран, Шымсити шағын ауданының тұрғындарына газ жеткізілмек. Қалған 13 елді мекендегі ішкі газ жүйесін жүргізу бойынша да жоба мақұлданып, қаржысы бөлінген.
Жол сапасы
Шымкент қаласында шамамен 3 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолы бар. Алайда, оның 56 пайызы ғана асфальтталған, қалған 40 пайызына тек тас төселген. Биыл қала бюджетінен жол құрылысына 9 млрд теңге жұмсалды. 181 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қаладағы 100 шақырым жолдың құрылысы аяқталады. Келесі жылы қаладағы жол құрылысына бөлінетін қаржы еселеніп (17 млр теңге), 209 жол құрылысының жобасы әзірленіп жатыр. Оның ішінде 4 көпір құрылысы бар.
Кәріз жүйесі
Шаһардағы кәріз жүйесінің 42 пайызы тозған. Осы мәселелерді шешу үшін қазынадан 8,2 млрд теңге қаралып отыр. Сондай-ақ қала әкімдігі 34 шағын ауданға кәріз жүйесін тарту мақсатында шешім қабылдап, ол бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Лас суды ағызатын қосымша қоймалар салу да қала жоспарына кіреді. Қазір қоймалардың қай жерде салынатыны, оған жұмсалатын қажетті қаржы анықталу үстінде.
Арай ЕСЕНБЕК, Шымкент