Былтыр әрекетсіз 16 мың жеке кәсіпкерді тарату үшін сотқа арыз берілген
Жыл басынан бері 79 мыңға жуық жеке кәсіпкер таратылды. Былтыр әрекетсіз 16 мың жеке кәсіпкерді тарату үшін комитет сотқа талап арыз берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жеке кәсіпкер 3 жыл бойы ҚҚС бойынша есепте тұрмаса, салықтық берешегі және тәуекелдің жоғары дәрежесі болмаса, тексеру кестесінде болмаған, ойын бизнесімен, айырбастау операцияларымен, ЖЖМ, алкоголь өнімін және т. б. өткізу және өндірумен айналыспаған жағдайда оны тарату (3 жұмыс күні ішінде) жүргізіледі. Ірі айналымы бар ЖК және ҚҚС төлеушілер салықтық тексеру және камералдық бақылау арқылы таратылады», - делінген ақпаратта.
Тарату рәсімін бастау үшін негіздер тізбесінің ашық болуына қарамастан кәсіпкерлер тарапынан бұзушылықтар болуда.
«Осылайша, мемлекеттік кірістер органдары шоттарға тыйым салғанға дейін бұзушылықтарды, оның ішінде тапсырылмаған декларациялар бойынша жою үшін алдын ала (30 жұмыс күн бұрын) хабарлама жібереді. Әкімшілік жауапкершілікті қарау кезінде алғаш рет анықталған бұзушылық бойынша ескерту шығарылатынын атап өткен жөн. Бұзушылықтың жыл ішінде қайталануына байланысты әкімшілік жауапкершілік ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша қаралып, айыппұл салынады. ҚР ӘҚБтК-нің 897-бабына сәйкес, 10 тәулік ішінде төленген жағдайда айыппұлды 50%-ға қысқарту көзделген. Яғни, бұл нормалар шағымданған жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар комитет ЖК таратумен байланысты әкімшілік жүктемені азайту, қателерді барынша азайту үшін жағдай жасауда. Салық төлеушінің кабинеті арқылы ЖК қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш беруді автоматтандыру жүзеге асырылуда. Бұл бизнесті қағаз құжаттармен жұмыс істеу және салық органдарына бару қажеттілігінен құтқарады. Бұл қызмет түрін алдағы жылдың басынан бастап пайдалануға болады.