Павлодарда жаппай сатылым өткізген дүкен иесі жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпкер 640 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда дүкен иесі жаппай сатылым жүргізіп, киім-кешекті 500 теңгеден сатқан екен. Арзан бағаға қызыққан жұрттың көптігінен дүкендегі кезек көшеге шығып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына  сілтеме жасап.

Жаппай сатылым ұйымдастырған дүкен иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Кінәсі дәлелденіп жатса, кәсіпкер 640 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. 

«Бейнежазбаны көріп,  бірден оқиға орнына тәртіп сақшыларын жібердік. Фото, видео дәлел тіркелді. Дүкен иесіне карантин талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды», - деді Павлодар қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяников.