Қала аудандары бойынша 30-дан астам учаскелік полиция пункті орналасқан
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов жаңа ғимаратты қажет ететін учаскелік полиция бекеттерін аралап көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Учаскелік инспекторлар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Олардың күнделікті еңбегінің арқасында елордада құқықбұзушылықтар саны азайды. Қала аудандары бойынша 30-дан астам учаскелік полиция пункті орналасқан. Олардың кейбіреуі жөндеуді қажет етсе, кейбірін жаңа ғимаратқа көшіру керек», - деп жазды Instagram-дағы парақшасында Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, ескі вокзал ауданында Гете көшесінде орналасқан учаскелік пунктіне тұрғындар көп жүгінеді. Себебі онда пойыз, қалааралық автобустарға байланысты адамдардың үлкен ағыны байқалады. Елорда басшысы мен ПД бастығы сондай-ақ, Дүкенұлы, Әуезов көшелеріндегі учаскелік пунктерге барған. Нәтижесінде А.Көлгінов ғимараты ескірген тірек пунктері үшін жаңа орындар қарастыруды тапсырды.
«Биыл полицияның учаскелік пунктерінің бір бөлігі жөнделді, өткен жылдың жазында 400-ден астам қызметкер еңбек етіп жатқан Есіл ауданының полиция басқармасына жаңа ғимарат берілді. Сонымен қатар, автопаркті жаңартып жатырмыз, тек осы жылдың күзінде ғана полицейлерге қосымша 65 автокөлік берілді. Жаңа тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында әлеуметтік нысандардан басқа полицияның тірек пунктерін ашамыз», - деп жазды Алтай Көлгінов.