185 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген атыраулық шенеуніктерге қатысты іс сотқа жолданды

Автор: Azattyq Rýhy

Агенттік олардың не үшін күдікке ілінгенін хабарлады

Фото: Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

Бұрынғы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен облыстық құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық іс сотқа берілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

«Олар Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдескені және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен 185 млн теңге сомасында аса ірі көлемде пара алуда күдікті болды», - делінген агенттік хабарламасында.

Осы жылдың 3 желтоқсанында қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Еске сала кетейік, сот 10 қыркүйекте ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровқа 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.