Шымкентте автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартуда

Автор: Azattyq Rýhy

Олар жалақы аз төленгені былай тұрсын, басшылық дөрекілік танытады деп шағымданып отыр

Жуырда ғана автопаркі су жаңа 300 автобуспен толысқан Shymkent bus компаниясы қызметкерлерінің жалақыға көңілі толмайды.

Бүгін таңертең 100-ден астам жүргізушісі қаладағы 5 бағыттағы маршрут бойынша жұмысқа шығудан бас тартты. Оған себеп, жалақы төлеу жүйесінің ауысуы, оның уақытылы берілмеуі және төмендеуі.

«Тәулігіне 16 сағаттық жұмыс режимімен 180 сағат үшін небәрі 56 800 теңге жалақы аударды. Оның ішінен зейнетақы мен салық ұсталып, қолымызға 45 мың теңге ғана тиіп отыр. Алғашында жалақы 180 мың болады деген. Астанада жүрген жерімізден шақыртып алды. Кейін 130 мың болады деді. Енді базалық жалақы 60 мың теңге, үстіне бонус төленеді дейді. Бірақ, оны да төлеген жоқ. Ал, кондукторларға 110 мың теңге жалақы береміз деген, 1 тиын да берген жоқ. Ұнамаса кете беріңдер дейді. Тағы күніне 37 мың теңге жоспап өткізуіміз керек. Оны әзер дегенде табамыз. Себебі, біз жүретін бағыттарда жолаушылар аз. Автобустар кейде жарысады. Сондағысы, жоспардың үстінен қалатыны 200 теңге, сенесіз бе? Кетіп қалайын десек балаларымыз аш қалады, өйткені күйеуім екеуміз осында істеп жатырмыз. Біздің осындай амалсыз күйімізді пайдаланып отыр», - дейді Shymkent bus компаниясында кондуктор болып жұмыс істейтін Айгүл Сәлімбаева.

Наразы топтың айтуынша, компания өкілдері жалақыға көңілі толмайтын қызметкерлерге дауыс көтеріп, жұмыстан шығуға кеңес беретін көрінеді. Қоқан-лоқы көрсетіп, қолымен есікті көрсетеді екен.

«Істесең істе, істемесең кет дейді осындағы Ғалым есімді қызметкер. Кеше осында айғайға салды, бізді мазақ қылып, енді бүгін өзі келмей отыр. Қаламды алдымызға тастап, мә жаз да жұмыстан кет дейді, өзі мені жұмысқа қабылдағандай. Ол неге бізге олай сөйлейді? 18 күн істедім. 205 сағат шығыпты. Соған 59601 теңге қойыпты. Не ол? Мазақ қой бұл. Қазан айының жалақысы осы айдың 10-на дейін берілуі керек еді. Бүгін 20 қараша. Әлі жоқ», - деп шағымданды Shymkent bus  компаниясындағы автобус жүргізушісі Бауыржан Әбдірахманов.

Жолаушы тасмалдаушы компания басшылығы жалақыны есептеу жүйесін өзгерткенін жоққа шығармайды. Оның да өзіндік себептері бар дейді олар.

«Мәселен, жол көлік оқиғасы бола қалса, жүргізуші көлікті тастап қашып кетеді. Сондай жағдай болмас үшін біз бонустық жүйені енгізіп отырмыз. Жолда қақтығыс жасамай жүріп өтсеңіздер, жалақыңа 20 пайыз қосылады. Қыркүйек айының жалақысының бәрін бұлар алды. Мәселенің тоқ етері, мұндағы бағыттардың дені өз шығынын ақтамайды. Сол себепті, бұлардың тапсырған жоспары өздерінің айлығына жетпейді. Соның салдарынан, біз жалақыны кешіктіріп беріп жатырмыз. Егер, олардың табысы көп болса, уақытында берер едік. Кей бағыттарда түсетін ақша автобустың жанармайын да ақтамайды. Олар 18 мыңға жанармай құйып, 7-8 мың теңге ғана жоспар тапсырады», - дейді Shymkent bus ЖШС директоры Елікбай Тоқбергенов.

Осы сәтте Shymkent bus компаниясының автопаркіне жауапты басқарма басшылары мен қала әкімінің орынбасары келіп, жұмсалған шығындар бойынша субсидиялардың есептелетінін айтты. Сонымен қатар, жалақы төлеу жүйесін де өзгертуге уәде берді.

Арай Есенбек, Шымкент