Сәрсенбі күні республиканың басым бөлігінде күн райы ашық болады
2 желтоқсан күні фронталды бөліктердің ықпалымен еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-батысы және оңтүстік-шығысының кей жерінде жауын-шашын (көбінесе қар), солтүстіктің кей жерінде – аздаған қар жауады. Қазақстанның қалған бөлігінде антициклонның әсерінен күн райы ашық болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлайды.
Сондай-ақ, республиканың кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, оңтүстікте жаяу бұрқасын соғуы ықтимал.
Түркістан облысының кей жерінде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады, желдің күші 15-20 м/с жетуі мүмкін.
Жамбыл облысының кей жерінде тұман түсіп, жел күшейеді, жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, күндіз көктайғақ болуы ықтимал.
Алматы облысының кей аумағында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с күшейеді.
Қызылорда, Маңғыстау, күндіз Қарағанды облыстарының кей жерінде жел 15-20 м/с күшейеді, Маңғыстау облысының кей жерінде көктайғақ болады.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түсуі мүмкін, Ақмола облысының кей жерінде жаяу бұрқасын соғады.