Бас прокуратураның бұрынғы тергеушісі Олеся Кексель Қазақстанда екені расталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель жұмыстан өз еркімен кеткен

Бұл туралы бүгін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті. Бас прокурордың орынбасары тергеу барысын жария ете алмайтынын айтты. Тек тергеу ғана істің анық-қанығына жетіп, сот қана оның кінәлі-кінәсіз екенін дәл айта алады дейді.

«Олеся Кексельге қатысты сот алды тергеу жүріп жатыр. Тергеу аяқталмай  тұрып, алдын ала айтуға болмайды, тек сот қана адамның кінәлі не кінәсіз екенін шеше алады. Қолда бар фактілер тексеріліп, құқықтық бағасын береді», - дейді ол.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Олеся Кексельдің үстінен арыз түсірген кәсіпкер Кексель тергеудің түсінік беру бөлігінде тергеу әдісіне жатпайтын әдіс қолданды деп шағымданған. Бейресми деректерге сүйенсек, кәсіпкер қант диабетімен ауырса да, оған тергеу дәрі-дәрмегін бермеген және тамақтандырмаған.

Бас Прокурордың орынбасары осы және өзге де сұрақтарға тергеу құпиясын сақтау үшін жауап берген жоқ. Тек Олеся Кексель көктемде Бас прокуратурадан өз еркімен жұмыстан кеткенін және қазір Қазақстарнда екенін айтты.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан