Алматы облысында қар құрсауынан 30 адам құтқарылды
Автокөліктердің салонында 2 бала болған
30 қараша күні сағат 02:37-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Ақсу ауданында «Алматы – Өскемен а/ж – Қапал-Арасан шипажайы» автожолының 19 шақырымында, Көшкентал ауылынан 10 шақырым жерде жеңіл автокөліктердің қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Алматы облысы ТЖД күшімен автожол учаскесі қар құрсауынан тазартылды, 10 автокөлік жүрісін жалғастырды. Автокөліктердің салонында 30 адам болды, оның ішінде 2 бала бар. Олардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес еді.
Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына, бұрқасын мен нашар көрінуіне байланысты сол күні сағат 09:30-дан бастап «Алматы – Өскемен а/ж – Қапал-Арасан шипажайы» облыстық маңызы бар автожол учаскесінде (0 шақырым мен 45 шақырым арасында) барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды.