Елордалық еріктілер көшеде шай мен бауырсақ таратты
«30 игі іс» қайырымдылық жобасы өтіп жатыр
Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «30 игі іс» әлеуметтік қайырымдылық жобасы өтуде. Оның аясында еріктілер қала көшелерінде шай мен бауырсақ тарату акциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, еріктілер «30 игі іс» акциясын қолдауға шығып, елорда тұрғындары мен қонақтарына, қаламызды тазалайтын «Астана тазалық» ЖШС қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ таратты. Осылайша, еріктілер осы аязды күні жақсы көңіл-күй сыйлап, өз ықыластарымен көпшілікті жылытты. Барлығы 50 литр шай және 7 кг бауырсақ таратылды», - деп хабарлады «Астана Жастары» ЖРО.
Қардың көп түскені жеке үй тұрғындарына, қарт адамдарға көп қиындық тудырды. Осыған байланысты қалалық штаб пен Қазақстан Еріктілер лигасының еріктілері акция аясында зейнеткерлерге аулалардағы қарды тазартуға көмектесті.