Еркін күрестен ел біріншілігі: Қазақстан бойынша чемпиондар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

20 қараша күні Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды

Қазақстан чемпионатында еркін күрестен үш салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Ақмола облысынан келген Дәулет Теміржанов 57 келіде қарсылас шақ келтірген жоқ. Дәулет финалда қарағандылық Жавохир Иристаевты 12:2 есебімен тізе бүктірді.

Жамбылдық Рахат Қалжан мен шымкенттік Ғабит Төлепбай қола жүлде иеленді.

Айта кету керек, аталған салмақта белгілі балуан Нұрислам Санай 1/8 финалдан әріге аса алған жоқ. Ол осы салмақта алдағы Олимпиада жолдамасына ие болған еді.

Ал 61 келіде Алматы облысының балуаны Адлан Асқаров жеңімпаз тұғырына көтерілді. Адлан ақтық сында атыраулық Саламат Мәліковтен мықтылығын танытты.

Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Расул Қалиев пен қарағандылық Азат Оганиссян түйіндеді.

«Алғашқы жарыс күнін 86 келідегі балуандар қорытындылады. Бұл салмақта Шығыс Қазақстан облысынан келген Азамат Дәулетбеков алтын алды. Екінші орын Алматы облысының спортшысы Есқали Дәулетқазыға бұйырса, маңғыстаулық Нұрдәулет Көктеубаев пен алматылық Әділет Дәулембаев үздік үштіктен көрінді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бүгін Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыс 26 қарашаға дейін жалғасады. Енді еркін күрес шеберлері 21-22 қараша күндері қалған салмақтарда сынға түседі.

Ал әйелдер күресінен 23 қарашада жүлделер сарапқа салынса, грек-рим күресінің шеберлері 24-26 қараша аралығында тоғыз салмақта жүлдеге таласады.