Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері ауысты

Автор: Azattyq Rýhy

Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметінен босатылды

фото: olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері ауысты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бүгін Қазақстан дзюдо федерациясының кезектен тыс отырысы өтті. Ұлттық федерация басшысы Қайрат Қожамжаровтың жетекшілігімен өткен жиынға Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президені, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, бас хатшысы Асхат Житкеев, дзюдодан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев пен атқарушы директоры Самат Жылқыбаев қатысты. Сондай-ақ, федерацияның вице-президенттері Бостан Жаңбырбаев пен Елдос Рамазанов жиынға видеоконференция режимінде қосылды.

Жиын барысында Қазақстан ұлттық ерлер командасының жаңа бас бапкері тағайындалды. Атқарушы комитеттің бірауыздан қолдау білдірген шешімімен Қазақстан ұлттық ерлер командасының бас бапкері болып дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңген жаттықтырушы, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Жылгелдиев сайланды.

Айта кетерлігі, құраманың бұрыңғы бапкері Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметін тоқтату туралы өтініш білдірді. Ол Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 2018 жылы кіріскен болатын.

Анықтама үшін:

Ғалымжан Жылгелдиев 1970 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жаттықтырушылық жолын 1987 жылы Жамбыл облысының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. 2017 жылдан бері Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы.