Соңғы екі айда жүкті әйелдердің COVID-19 инфекциясынан қайтыс болу жағдайы тіркелген жоқ
Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемия кезінде еліміздегі аналар өліміне қатысты мәселелер жайына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі Президентті аналар өліміне қатысты мәселелер жайлы хабардар етті және бұл проблеманың ерекше бақылауда екенін атап өтті. Эпиджағдайға қарамастан, елімізде демографиялық көрсеткіштердің оң серпіні байқалады: бала туу 4,5% өскен немесе 20 мың нәресте артық туған.
Пандемия кезеңінде елімізде COVID-19 вирусын жұқтырған және пневмониямен ауырған 9 мыңнан астам жүкті әйел тіркелді, бұл – барлық тіркелген жағдайлардың 7,5%-ы.
«Осы жылдың 3-тоқсанында COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың күрт өсуіне байланысты ана өлімі артты. Бүгінде жағдай тұрақты. Соңғы екі айда COVID-19 инфекциясынан жүкті әйелдер қайтыс болған жоқ», - деді А. Цой.
Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін Министрлік ауыр және қиын жағдайдағы жүкті әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізетін «Ахуалдық акушерлік орталық» ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Жүкті әйелдердегі COVID-19» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы және «COVID-19 пандемиясы кезінде жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, Денсаулық сақтау басқармаларына жіберілді.