Алматыда коронавирусқа қарсы күреске ЖОО оқытушылары мен медколледж студенттері тартылады

Автор: Azattyq Rýhy

Пандемияның жаңа толқыны жағдайына 5500 адамнан тұратын резерв құрылды

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласында Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық және 93 жекеменшік медициналық ұйым жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Коронавирустың таралуы күшейсе, оқытушылар мен студенттер көмекке келмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

«Жаңа толқын» жағдайында 5500-ге жуық медициналық кадрлар резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен дәрігер интерндерінен резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық», - деп хабарлады Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева.  

1 тамызға дейін COVID-19 ауырған науқастарды емдеумен Алматыда 27 денсаулық сақтау ұйымы айналысты. 6200-ге жуық төсек-орын қарастырылған инфекциялық стационарларда 4035 қызметкер коронавирусқа қарсы еңбек етті. Эпидемиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты көпсалалы клиникалар қалыпты режимге көшкен.  Короновирус инфекциясы бар жұқпалы клиникаларда бүгінгі таңда 100-ден астам науқас бар, 400-ге жуық дәрігер және мейіргерлер мен кіші медициналық персоналдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Биыл оқу бітірген медициналық колледждердің түлектері жұмысқа орналаса салып пандемиямен күреске жұмылдырылған. 

«2020 жылы медициналық колледждерде 3628 түлек диплом алды. Бүгінгі күні осы жылғы түлектер арасында жұмысқа орналасу пайызы жоғары және 93%-ға дейін жетеді, бұл біздің студенттеріміздің қажеттілігін және білім берудің тиісті сапасын көрсетеді. 2021 жылы колледждердің 4100-ден астам студенті оқуын аяқтайды», - деді ол.  

Орташа медициналық қызметкерлерді дайындаумен 10-нан астам медициналық колледж айналысады. Оларда бүгінгі күні 14 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Алматы қаласында бакалаврларды, интерндерді, резиденттер мен докторанттарды дайындаумен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақстан-Ресей медицина университеті айналысады.  

Сонымен қатар, дәрігерлерді түрлі мамандықтар бойынша дипломнан кейінгі даярлауды Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, ҚазМУ медицина факультеті, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі және Алматы қаласында орналасқан республикалық ғылыми-зерттеу институттары жүргізеді.