10 желтоқсанға дейін кейбір орындарда ақсаха балық аулауға болмайды
ШҚО-да 10 қарашадан бастап кейбір балық түрлерін аулауға уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО-ның аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, уылдырық шашу және көбею кезеңіне байланысты 10 қарашадан 10 желтоқсан аралығында кейбір орындарда ақсаха балық түрлерін аулауға тыйым салынады:
- Бұқтырма және Өскемен су қоймаларында және Ертіс өзенінде Өскемен СЭС-нен Шүлбі су қоймасына дейін және Шүлбі СЭС-нен Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін;
- Бұқтырма су қоймасында Казнаковка өткелінен бастап төменгі ағыс бойымен Бұқтырма СЭС-не дейінгі аралықта.
Белсенді емес балық аулау құралдарын пайдалануға тыйым салынған. Белсенді балық аулау құралдарын пайдалануға ғана рұқсат етіледі.
Ақсаха балық түрлері түскен жағдайда тірідей суға қайта жіберу қажет екені ескертіледі.